Ресей президентінің айтуынша, Ақтаудағы ұшақ апаты болған күні үш украиналық дрон Ресей шекарасын кесіп өткен, деп хабарлайды Kznews.kz
Ресей президенті Владимир Путин Тәжікстан астанасы Душанбеде Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевпен кездесу барысында AZAL әуе компаниясының ұшағы апатын Ресей әуе кеңістігінде украин дрондарының болуымен байланыстырды.
– Апат болған күні Ресейдің әуе кеңістігін үш украиналық ұшқышсыз аппарат кесіп өтті, – деді ол.
Путиннің айтуынша, Ресейдің әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесі атқан екі зымыран AZAL ұшағына тікелей соққы жасамаған, олар бірнеше метр қашықтықта жарылған. Президенттің сөзінше, ұшақ, ең ықтимал нұсқа бойынша, зымыран сынықтарынан зақым алған.
КОНТЕКСТ
Еске салайық, былтыр 25 желтоқсанда Ақтау маңында Бакуден (Әзербайжан) Грозныйға (Ресей) бет алған әзербайжандық AZAL әуе компаниясының Embraer 190 жолаушылар ұшағы құлап, борттағы 67 адамның 29-і аман қалып, 38-і қаза тапты.