Өзбекстан соты Қашқадария облысының тумасы, әлеуметтік желілерде "Шерхон" лақап атымен танылған Амон Юсуповты ел президентін қорлады деп айыптап, оны төрт жылға бас бостандығынан айырды, деп хабарлайды kznews.kz.
Тергеу мәліметінше, 2023 жылғы ақпанда Қазақстан аумағында жүрген Юсупов TikTok-та тікелей эфирге шығып, мемлекет басшысы мен ел басшылығына қатысты қорлайтын сөздер айтқан. Видео әлеуметтік желілерде тез таралып, қоғамда кең резонанс тудырған.
Оқиғадан кейін Юсупов біраз уақыт елде болмаған, әуелі Түркияда, кейін Әзербайжанда жүрген. Биыл сәуір айында оны Әзербайжанда Өзбекстанның Қауіпсіздік қызметі өкілдері ұстаған.
Сот отырысында блогер өз кінәсін толық мойындап, кешірім сұрап, өкінетінін мәлімдеді. Сот оның әрекетін Өзбекстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 158-бабының 3-бөлігі ("Өзбекстан Республикасы президентіне қол сұғу") бойынша саралап, төрт жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сонымен қатар Юсуповтың бұған дейін де құқықбұзушылықтар үшін жауапкершілікке тартылғаны, алайда оған жеңіл жаза қолданылғаны хабарланды.