KZNews.kz
Шоу-бизнес

Президент: «Жасанды интеллект баршаға қызмет етуге тиіс»

Ayzhan Sylanova
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысының айтуынша, жасанды интеллект бүгінгі таңда жаһандық өркениеттің бет-бейнесін өзгертіп, адам өмірінің мәнін қайта ой елегінен өткізуге мәжбүрлеп отыр. Бұл технология – үлкен мүмкіндік қана емес, сонымен бірге бүкіл адамзат үшін сын-тегеурін.

Президент инженерлермен қатар гуманитарлық сала мамандарының – философтар, әлеуметтанушылар, заңгерлердің де жасанды интеллектті дамытуға қатысуы қажет екенін атап өтті. Өйткені ІІ-дің дамуы қоғамның болмыс-бітімін, дәстүрін, құқықтық нормаларын және адамгершілік құндылықтарын қамтуы тиіс.

«Технология әлеуметтік теңсіздікті арттырмауы, адамдардың мінез-құлқы мен таңдауына ықпал етіп, манипуляция жасау құралына айналмауы керек. Артықшылыққа ие топтар алгоритмдер арқылы өз құндылықтары мен ойлау үлгілерін қоғамға таңуға тырысуы мүмкін. Бұған жол берілмеуі тиіс, себебі бұл – мәдени әралуандылыққа қиянат», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ Президент «технология таңдаулыларға ғана емес, баршаға бірдей қызмет етуге тиіс» екенін қадап айтты. Оның айтуынша, әділ әрі жауапты шешім қабылдау – жасанды интеллект дамуының басты шарты.

Digital Bridge 2025 форумында әлемдік ІТ-индустрия көшбасшылары мен жасанды интеллект саласының мамандары бас қосып, технологиялық серіктестіктер мен жаңа жобаларды талқылап жатыр.

Ayzhan Sylanova
Автордың басқа материалдары