Қысқа сілтеме алу
Әскери міндеттілер арнайы жиындардан өту кезінде тамақ және киім-кешекпен, сондай-ақ орташа айлық еңбекақымен толық қамтамасыз етіледі
НҰР-СҰЛТАН, 5 сәуір - Sputnik. Үміткерлер қатаң іріктеуден өтеді. Жоғары білімі мен жұмыс тәжірибесі бар, сондай-ақ бұрын әскери қызметте болған азаматтарға басымдық беріледі, деп хабарлайды елорда әкімдігінің баспасөз қызметі.
Президенттің әскери міндеттілерді арнайы жиындарға шақыру жөніндегі арнайы жарлығына сәйкес, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі әскери міндеттілерді арнайы әскери жиынға шақыру туралы қаулы қабылдады.
"Қаулыға сәйкес, денсаулық сақтау саласына жауапты, арнайы төлем алуға құқығы бар 100 адам шығарылуы керек. Іріктеу кезінде үміткердің өз еркімен ниет білдіруіне, мемлекеттік және коммерциялық ұйымдардағы жоғары білімі мен жұмыс тәжірибесіне және қарулы күштер қатарында қызмет еткендерге басымдық беріледі", – деді Нұр-Сұлтан қаласы әкімнің кеңесшісі Марат Қапаров.
Оның айтуынша, негізгі міндет – Нұр-Сұлтан қаласы бойынша коронавирус инфекциясының таралуын болдырмау, коронавирус инфекциясы анықталған қала нысандарын қорғау, төтенше жағдай режимі кезінде туындайтын басқа да міндеттерді орындау. Әскери міндеттілер арнайы жиындардан өту кезінде тамақ және киім-кешекпен, сондай-ақ орташа айлық еңбекақымен толық қамтамасыз етіледі. Әскери міндеттілер қала оқу орындарының бірінің жатақханасына орналасатын болады. Арнайы жауынгерлік жиындарға баруға ниет білдірушілер Нұр-Сұлтан қаласының қорғаныс істері жөніндегі департаментіне өтінім бере алады.
sputniknews.kz