Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы Құрылтай сайлауы Қазақстан тарихындағы маңызды бетбұрыс болатынын айтып, жалпыхалықтық дауыс берудің маңызына тоқталды, деп хабарлайды kznews.kz.
Президенттің пікірінше, сайлау қорытындысында Құрылтай құрамына кәсіби білімі мен тәжірибесі бар, ел болашағына жауапкершілікпен қарайтын отаншыл азаматтар келуі керек.
Тоқаев жаңа институт қоғамдағы түрлі пікір мен көзқарас тоғысатын ортақ алаңға айналуы қажет екенін атап өтті. Оның айтуынша, Құрылтайдағы әртүрлі ұстанымдар ұлттың ортақ мүддесі жолында бірігіп, елдің саяси және қоғамдық жаңғыруына серпін беруі тиіс.
«Құрылтай әр алуан көзқарас пен ұлт келешегі жолындағы ұмтылыстар тоғысатын біртұтас алаң болуға тиіс», – деді Мемлекет басшысы.
Президент қазіргі геосаяси ахуалдың күрделеніп, әлемдік сын-қатерлердің күшейіп отырғанын да назардан тыс қалдырмады. Осындай кезеңде Қазақстан өзінің таңдаған даму бағытын сақтап, реформаларды жалғастыруы қажет екенін айтты.
Мемлекет басшысы елді әлемдегі озық мемлекеттердің қатарына қосу үшін ауқымды жұмыстар атқарылуы керектігін жеткізді. Бұл ретте ұлттық стратегияны жүйелі әрі нәтижелі жүзеге асырудың маңызы зор.
Тоқаев кейбір маңызды саяси шешімдердің тарихи мәні бірден байқалмайтынын атап өтті. Оның сөзінше, қоғам белгілі бір шешімдердің шынайы нәтижесін бірнеше жылдан кейін ғана толық бағалауы мүмкін.
Осы тұрғыдан алғанда, Президент алдағы жексенбіде өтетін сайлауды ел тағдыры үшін ерекше маңызы бар кезең ретінде бағалады.
«Біз Қазақстан тарихындағы жаңа кезеңге қадам басамыз. Осындай тағдыршешті сәтте әр адамның дауысы маңызды екені сөзсіз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының айтуынша, азаматтардың сайлауға қатысуы тек дауыс беру рәсімі емес, елдің болашағына деген жеке жауапкершіліктің көрінісі болмақ. Сондықтан әрбір қазақстандық өз таңдауын жасап, мемлекет дамуына қатысты ұстанымын білдіруі қажет.