Мемлекет басшысы тәуелсіздік пен егемендікті нығайту үшін қоғамдағы бірлік пен келісімді сақтаудың маңызын атап өтті
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту бағытындағы басымдықтарға тоқталып, алдағы мақсат-міндеттерді айқындады, деп хабарлайды kznews.kz.
«Ашығын айтсақ, бүгінде тәуелсіздігіміз бен егемендігімізді қорғауға қатысты барлық мәселе әлі толықтай шешімін тапқан жоқ. Бұл – алдымызда көптеген өзекті міндет тұр деген сөз», – деді Президент.
Оның айтуынша, ел алдында тұрған міндеттерді жүзеге асыру үшін қоғам тату болуы керек. Бірлік пен келісім болмаған жағдайда реформалар мен даму үдерісі де нәтижелі болмайды.
«Бірлік пен келісім болмаса, ешқандай реформа және ілгерілеу болмайтыны айдан анық», – деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы қазіргі халықаралық жағдайға да тоқталды. Оның сөзінше, әлемде мемлекеттер арасындағы өзара сенім әлсіреп, жалған айыптаулар мен жасырын текетірестер күшейген. Сонымен қатар бақылаусыз көші-қон ағындарының артуы бірқатар еуропалық елдің қауіпсіздігіне кері әсер етіп отыр.
Президент Біріккен Ұлттар Ұйымының беделі төмендеп, халықаралық құқықтың маңызы әлсірегенін де айтты. Оның пікірінше, қазіргі әлем күрделі әрі болжап білу қиын кезеңге аяқ басты.
«Күллі әлем жұртшылығы аласапыран кезеңде өмір сүріп жатыр десек, артық болмас. Мұндай күрделі, болжамсыз ахуал “қырғи-қабақ соғыс” кезінде де болмаған еді», – деді ол.
Соған қарамастан, Қазақстанның даму жолында жаңа кезеңге қадам басып, ауқымды саяси реформаларды жүзеге асырғанын атап өтті. Президент мұны әлемдік тәжірибеде сирек кездесетін құбылыс деп бағалады.
«Дәл осындай құбылмалы заманға қарамастан, Қазақстан ел дамуының жаңа дәуіріне үлкен сеніммен қадам басып, кең ауқымды саяси реформаны іске асырды. Бұл – дүние жүзінде өте сирек кездесетін құбылыс», – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы уақытта да ел егемендігін нығайтып, ішкі тұрақтылықты сақтай отырып, экономиканы дамыту қажеттігін айтты. Бұл іске бүкіл қоғам, әсіресе отаншыл, белсенді әрі білімді азаматтар үлес қосуы керектігін жеткізді. Сондай-ақ Құрылтай депутаттарына үлкен үміт артатынын атап өтті.
Президент мемлекеттік аппарат пен құқық қорғау органдарының жауапкершілігі де ерекше екенін еске салды.
Мемлекет басшысының айтуынша, бүгінгі буынның басты міндеті – болашақ ұрпаққа тұрақты, дамыған әрі бәсекеге қабілетті мемлекет қалдыру.
«Басқаша айтқанда, қазіргі буын өкілдері, яғни біз келе жатқан жас ұрпақтарға жоспарлар мен тұжырымдар емес, экономикасы қуатты және қарқынды, жоғары технологиялары дамыған, білім мен ғылымға негізделген, заңды мойындайтын, жасампаз әрі озық, геосаяси тұрғыдан күші мен ықпалы бар Қазақстанды қалдыруымыз керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент бұл міндеттің стратегиялық маңызын ерекше атап өтті.
«Бұл – ұлтымыздың алдында тұрған нағыз стратегиялық міндет», – деп түйіндеді Мемлекет басшысы.