Ақордада Медицина қызметкері күніне арналған салтанатты іс-шара өтіп, оған еліміздің әр өңірінен келген дәрігерлер, медбикелер және денсаулық сақтау саласының үздік мамандары қатысты. Жиын барысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев медицина қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтап, олардың қоғамдағы ерекше рөліне тоқталды, деп хабарлайды kznews.kz.
Мемлекет басшысы соңғы жылдары медицина саласына көрсетіліп жатқан қолдаудың маңызын атап өтіп, денсаулық сақтау жүйесін дамыту мемлекет саясатының басым бағыттарының бірі екенін айтты.
«Өткен жылы біз ардақты кәсіп иелері – медицина мамандарын алғаш рет Ақордаға шақырып, құрмет көрсеткен едік. Биыл да осы игі дәстүр жалғасып отыр. Халқымыз ежелден “Бірінші байлық – денсаулық” деп бекер айтпаған. Ұлт саулығы – еліміздің ең басты құндылығы. Сондықтан денсаулық сақтау саласын дамыту – мемлекеттің стратегиялық міндеті», – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев дәрігерлердің күнделікті еңбегі мен адам өмірін сақтап қалудағы жауапкершілігі ерекше құрметке лайық екенін атап өтті. Оның айтуынша, медицина қызметкерлері мыңдаған адамның өміріне араша түсіп, азаматтардың денсаулығын нығайтуға өлшеусіз үлес қосып келеді.
«Халқымыз сіздерді ең қадірлі мамандық иесі ретінде сыйлайды және құрметтейді. Себебі дәрігер мамандығы – үлкен білімді ғана емес, зор жауапкершілік пен жанашырлықты талап ететін кәсіп. Денсаулық сақтау саласында қоғам игілігі үшін адал еңбек етіп жүрген әрбір маманның еңбегі бағалауға лайық. Мемлекет басшысы ретінде сіздердің қызметтеріңізге шынайы ризашылығымды білдіремін», – деді Президент.
Салтанатты жиын барысында денсаулық сақтау саласының дамуына елеулі үлес қосқан бірқатар маман мемлекеттік наградалармен марапатталды. Сонымен қатар, медицина қызметкерлеріне алдағы жұмыстарына табыс тілеп, халық денсаулығын қорғау жолындағы еңбектеріне жоғары баға берілді.