Мәдениет

Президент қазақстандықтарды Отбасы күнімен құттықтады

Президент қазақстандықтарды Отбасы күнімен құттықтады

Мемлекет басшысы өз құттықтауында бұл мерекенің ұлтты мейірім мен қамқорлыққа, өзара қолдауға және азаматтық жауапкершілікке үндейтінін атап өтті.

«Сіздерді Отбасы күнімен шын жүректен құттықтаймын! Отбасы – халқымыз үшін аса қастерлі ұғым. Әрбір жан ең алдымен өзінің шаңырағында тәрбиеленіп, тұлға ретінде қалыптасады. Сол арқылы өнегелі тәлім алып, нағыз азаматқа тән ізгі қасиеттерді бойына сіңіреді», – деді Президент.

Тоқаевтың айтуынша, отбасындағы дұрыс тәрбие жас ұрпақтың отаншыл, еңбекқор, білімді әрі мәдениетті болып өсуіне ықпал етеді.

«Сондықтан халқымыздың дәстүрлі құндылықтары мен заманауи көзқарастарды үйлестіре отырып, отбасы институтын нығайтып, кеңінен насихаттауымыз қажет. Біз ата-анамызға әрдайым құрметпен қарап, ананың мейірімін, әкенің еңбегі мен ерлігін қадір тұтуға тиіспіз. Ана – адамзат өркениетінің өзегі, ал әке – асқар тауымыз», – делінген құттықтауда.

Президент әр шаңырақтағы татулық пен береке ел дамуының негізгі кепілі екенін айтты.

«Бұл – Әділетті әрі Қуатты Қазақстан құрудың маңызды алғышарты. Мемлекет отбасы құндылықтарын дәріптеп, ана мен баланың құқығын қорғауға ерекше көңіл бөледі. Барлық отбасына амандық, бақыт пен молшылық тілеймін», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ұқсас материалдар

Барлығы
KZNews.kz