Украинаның Жоғарғы Радасы ел премьер-министрі Юлия Свириденконы қызметінен босатуға дауыс берді. Бұл шешім Украина үкіметінің барлық құрамының бір мезетте отставкаға кететінін білдіреді, деп хабарлайды УНИАН агенттігі.
12 шілдеде Украина президенті Владимир Зеленский Министрлер кабинеті жаңартылатынын хабарлап, премьер-министр Юлия Свириденкоға жаңа қызмет ұсынылатынын мәлімдеген еді.
Ол Украинаның саяси стратегиясын өзгертетінін айтты. Президенттің сөзінше, сыртқы саясаттағы әрбір басым бағытқа тәжірибесі мол және украин халқы күткен нәтижелерді жүзеге асыруға қабілетті нақты бір тұлға жауап береді.
13 шілдеде Юлия Свириденконың премьер-министр қызметінен кету туралы өтініші Украина Жоғарғы Радасына түсті. Оның отставкасын 450 депутаттың 258-і қолдап дауыс берді.
"Украинская правда" басылымы дереккөздерінің мәліметінше, Юлия Свириденко премьер-министр қызметінен кеткеннен кейін Украинаның АҚШ-тағы елшісі болу туралы ұсынысты қабылдамаған.
Экс-премьерге жақын дереккөздер оның Министрлер кабинетіндегі жұмысынан кейін алдағы қызметіне қатысты әлі де шешім қабылдамағанын мәлімдеді.