Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев премьер-министр Олжас Бектеновті қабылдады. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Олжас Бектенов Қасым-Жомарт Тоқаевқа экономикалық реформаларды жүзеге асыру және азаматтардың әл-ауқатын одан әрі арттыру бойынша бұған дейін берген тапсырмаларының іске асырылуы жөнінде баяндады.
Ол биылғы әлеуметтік-экономикалық дамудың алдын ала қорытындылары туралы есеп берді.
Сөзінше, президенттің экономиканы әртараптандыру жөніндегі тапсырмасын орындау нәтижесінде ішкі жалпы өнім өсімінің 70%-дан астамын өнеркәсіп, сауда және көлік салалары қамтамасыз етіп отыр.
2025 жылдың қаңтар-қараша айлары аралығында көлік қызметі 20,3%, құрылыс 14,7%, сауда 8,8%, ауыл шаруашылығы 6,1%, өңдеу өнеркәсібі 5,9% ұлғайған.
Негізгі капиталға салынған инвестиция 18,5 триллион теңгеге жетіп, жеке инвестициялардың көлемі 9,8% өскен.
Сондай-ақ премьер-министр макроэкономикалық тұрақтандыру, халықтың әл-ауқатын арттыру бойынша үкімет, ұлттық банк пен қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің 2026-2028 жылдарға арналған бірлескен іс-қимыл бағдарламасын жүзеге асыру жайында айтты.
“Халықтың нақты табысын арттыру, тұрмыс деңгейін жақсарту арқылы ішкі жалпы өнімнің өсімін қамтамасыз ету негізгі басымдық саналады. Инфляция деңгейін төмендету шаралары қарастырылып жатыр. Желтоқсанда шекарадағы бес өткізу бекетін жаңғырту жұмыстары аяқталды. Қазақстандық тауар өндірушілердің реестрі іске қосылды”, – деп мәлімдеді Бектенов.
Шағын бизнесті қолдауға арналған “Іскер аймақ” бірыңғай бағдарламасы қабылданды. Одан бөлек жылыту маусымы жайында есеп берді.
Сондай-ақ 2026 жылғы дала жұмыстарын қаржыландыру ерте басталғанына тоқталды. Бұл шара ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу мен экспортқа ден қоя отырып, егіс алқаптарының көлемін сақтауды және оны ұлғайтуды көздейді.
Тоқаев үкімет басшысына азаматтардың мүддесіне сай еліміздің тұрақты дамуын қамтамасыз ету бағытындағы жұмысты жалғастыруды тапсырды. Инвестиция тарту, кәсіпкерлікті қолдау, инженерлік және көлік инфрақұрылымын жаңғырту бойынша бірқатар нақты міндет жүктеді.