KZNEWS.KZ
Әлеумет

Полиция қызметкерлері топ болып зорлады деген ресейлік әйел жаңа мәлімдеме жасады

• Жарқын Омаров
Фото: видеодан алынды

Қонаевта өзін полиция қызметкерлері зорлады деп мәлімдеген Ресей азаматы Эльмира Оңғарбаева бұған дейін жариялаған сөздерін жоққа шығарды, деп хабарлайды kznews.kz.

Ол Threads желісіндегі парақшасында өзін зорлағандар полиция қызметкерлері емес екенін айтты.

«Маған қатысты ауыр қылмыс жасалды. Мені екі ер адам зорлады. Олар өздерін полиция қызметкері ретінде таныстырды. Алайда, олай болмай шықты.Мен жаңылыстым. Кейін олардың бірінің бұрын сотталған қылмыскер екені анықталды.Бұған дейін әлеуметтік желіде жарияланған видеоларда шындыққа сай келмейтін ақпарат айттым», – деді Эльмира Оңғарбаева.

Ол оқиғадан кейін қатты күйзеліске түскенін айтып, сол жағдайын үшінші адамның өз мүддесіне пайдаланғанын мәлімдеді.

«Мен қатты күйзелісте болдым. Сол жағдайымды үшінші бір адам пайдаланып кетті. Оның өз мүддесі болды», – деді жәбірленуші.

Оңғарбаева полиция қызметкерлеріне қатысты бұрын жасаған мәлімдемелері үшін кешірім сұрады.

«Полициядан бұған дейінгі сөздерім үшін кешірім сұраймын. Менде дұрыс ақпарат болмады, қолымда толық мәлімет болған жоқ. Қатты абыржып, қорықтым. Қазір полиция бұл іспен айналысып жатыр. Жанымда менің құқығымды қорғайтын білікті адвокат бар», – деді ол.

Бұған дейін әйел Қонаевта екі ер адам өзін полиция қызметкері ретінде таныстырып, зорлағанын айтқан болатын. Оның бұл мәлімдемесі әлеуметтік желіде кең тарады.

Алматы облысы полиция департаменті бастығының тергеу жөніндегі орынбасары Рустам Абдрахманов та істің қазіргі барысына қатысты пікір білдірді.

"Азаматтардың оң бағасы – жұмысымыздың ең жақсы көрсеткіші. Алматы облысы полиция қызметкерлерінің кәсібилігі мен жедел әрекетіне қатысты алғыс айтылды. Әріптестеріме лайықты қызметі үшін алғыс білдіремін. Сонымен қатар қылмыстық істің тергелу барысы Алматы облысы полиция департаментінің бақылауында", – деді Рустам Абдрахманов.

Еске салайық, Эльмира Онгарбаева алғашында Қонаевта өзін полиция қызметкеріміз деп таныстырған екі ер адам зорлады деп мәлімдеген. Осыдан кейін Алматы облысының полиция департаменті қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

Полиция мәліметінше, арызда көрсетілген екі ер адам анықталып, полицияға жеткізілген. Кейін ведомство олардың полиция қызметкері емес екенін мәлімдеді.

Қазір іс бойынша тергеу жалғасып жатыр.

Жарқын Омаров
C.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің Журналистика факультетінің түлегі. Журналистика саласында 20 жылдан бері еңбек етіп келеді. Салал...
Автордың басқа материалдары →