Жаңалықтар

Әжесінің жаназасында имаммен әзілдескен ақын елді күлкіге қарық қылды

Әжесінің жаназасында имаммен әзілдескен ақын елді күлкіге қарық қылды
Фото: видеодан кадр

Бұл жайлы журналист Қанат Тілеухан өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазып, жұртшылықпен бөлісті, деп хабарлайды kznews.kz.

Тілеуханның айтуынша, ақын Бақыт ағамыз бала кезінен ескіліктің көзін көрген үлкендердің тәрбиесінде өскен, салт-дәстүрді де, сөздің парқын да жақсы білетін азамат болған. Сол себепті оның өмірінде орын алған әрбір оқиға да әзіл мен терең ойға суарылған.

Журналистің жазуынша, Бақыт ағасының әжесі жүз жастан асқанда дүниеден өтеді. Қаралы хабарды естіген ағайын-туыс, ауылдың үлкендері мен қатарластары көңіл айтуға жиыла бастайды. Солардың бірі келіп:

— «Бақыт, әжең кеше ғана ширақ жүр еді, қалайша аяқ астынан болып қалды?» — деп көңіл білдіреді.
Араға біраз уақыт салып, сол адам қайта оралып:
— «Дені сау сияқты еді, не болды өзі?» — деп тағы сұрайды.
Үшінші рет дәл сол сауалды қойған кезде Бақыт ағамыз ашуланбай-ақ, өзінің әдеттегі әзілге жақын қалпымен:
— «Әжемді атып кетті», — деп қысқа қайтарған екен.

Жаназа кезінде марқұмның қарызы мен аманаты айтылар тұста имам сөз алып:

— «Бұл кісі ғасырдан аса өмір сүрді, мұны тіпті тойға баласа да болады», — деп жұртты жұбатуға тырысқан.
Сонда Бақыт ағамыз өзіне тән юмормен:
— «Почти қыз ұзату ғой», — деп елді еріксіз езу тартқызған көрінеді.

Желі қолданушылары бұл әңгімені оқып, Бақыт ағасының тапқырлығы мен өмірге деген ерекше көзқарасына ризашылықтарын білдірді.

Ұқсас материалдар

Барлығы
KZNews.kz