Танымал имам Нұрлан Байжігітұлы пластикалық ота мен косметологиялық процедураларға қатысты ойын айтып, бұл тақырып әлеуметтік желіде қызу талқыланды, деп хабарлайды kznews.kz.
Имамның айтуынша, адамның табиғи қалпын қалпына келтіруге немесе денсаулығына байланысты жасалатын пластикалық оталарға діни тұрғыдан тыйым салынбайды.
«Пластикаға ешқандай мәселе жоқ. Мысалы, шашы түсіп қалған болса, шаш егуге болады. Себебі оның бұрын шашы болған. Косметологияға да рұқсат. Бетті тазалау, биоревитализация – денсаулыққа қажетті дүниелер. Қабағыңыз салбырап, түсіп кетсе, оны пластикалық жолмен түзетудің де ешқандай әбестігі жоқ. Мұның бәріне рұқсат», – деді ол.
Имамның бұл пікірі әлеуметтік желі қолданушылары арасында түрлі көзқарас тудырды. Бірі оның ойын қолдап, медициналық қажеттілікке байланысты жасалатын оталардың орынды екенін айтса, енді бірі мұндай пікірдің шариғат талаптарына толық сәйкес келмейтінін алға тартты.
Желіде: «Елге ұнайтын әңгіме айтамын деп, кейде шариғат шеңберінен шығып кетеді», «Кәрілікті табиғи түрде қабылдау керек», «Харам деп айтпайтын жалғыз имам шығар» деген сыни пікірлер де жарияланды.
Осылайша, Нұрлан Байжігітұлының пластикалық отаға қатысты көзқарасы қоғамда қызу пікірталас туғызып, желі қолданушылары арасында әртүрлі реакцияға себеп болды.