Тұрғын үйдің екінші қабатындағы балконынан құлап кеткен қыз аутизм диагнозымен психиатрдың диспансерлік бақылауында болған, деп хабарлайды kznews.kz.
Солтүстік Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға 16 мамыр күні түскі сағат 12:00 шамасында болған. Қыз бала облыстық көпбейінді балалар ауруханасына жедел түрде жеткізілді.
— Құлау кезінде бала есін жоғалтпаған. Оқиға орнынан оны жедел жәрдем бригадасы анасының сүйемелдеуімен ауруханаға алып келді. Баланы шұғыл түрде травматология бөліміне жатқызып, динамикалық бақылау мен толық медициналық тексеру жұмыстарын жүргіздік. Қазіргі таңда пациенттің жағдайы тұрақты, орташа ауыр деңгейде деп бағаланған. Медициналық бақылау кезеңінде жағдайы нашарлаған жоқ, — дейді мамандар.
Дәрігерлердің бақылауында болған қыз есін анық біледі, түнді де тыныш өткізген. Қазіргі уақытта пациентке консервативті ем жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, оған арнайы емдік-қорғаныш ортопедиялық режим тағайындалған.