Павлодарда прокуратура қызметкері қағып кеткен 60 жастағы Галина Сейтбаталова жол апатынан кейін 10 күн өткен соң көз жұмды, деп хабарлайды kznews.kz
“Өкінішке қарай, әжем 23 тамызда көз жұмды. 3 қазанда қырқын өткіздік”, – деді Алина.
Қыздың сөзінше, оқиға қоғамда жария болғаннан кейін істі жүргізіп жатқан тергеуші ауыстырылған. Осыдан кейін тергеу жұмыстары жандана түскен.
“Қазір бірнеше сараптама жүргізілді, енді нәтижесін күтіп отырмыз. Өзіміз тәжірибелі адвокат жалдадық. Бұл жағдайда ешкімге толық сенім жоқ болғандықтан, істің мән-жайын жақсы білетін маман қажет деп шештік. Тергеудің нақты егжей-тегжейі маған қазір толық мәлім емес”, – деді ол.
Оқиға биыл 13 тамызда Павлодардағы Нұрмағамбетов пен Камзин көшелерінің қиылысында болған. Жол апатынан 60 жастағы әйел ауыр жарақат алған. Оның бас сүйегі сынған, басынан ауыр жарақат алған, сондай-ақ қабырғасы мен бұғанасы сынған.
Көлікті прокуратура қызметкері басқарған.
Марқұмның немересінің айтуынша, әжесі сол күні жұмыстан үйіне қайтып бара жатқан. Ол жергілікті базардағы киім дүкенінде еңбек еткен. Жол апаты жұмыс орнына жақын жерде болған.
Алина апатты екі жас адамның көргенін де айтты. Оның сөзінше, жігіт пен қыз әжесімен бірге жолдан өтіп бара жатқан.
Павлодар прокуратурасы жол апатына өз қызметкерінің қатысы бар екенін растады. Дерек бойынша, қылмыстық іс Қылмыстық кодекстің 345-бабының 2-бөлігі бойынша тергеліп жатыр. Бұл бап жол қозғалысы ережесін бұзып, абайсызда адамның денсаулығына ауыр зиян келтірген жағдайларға қатысты қолданылады.
Тергеуді Павлодар облысының полиция департаменті жүргізіп жатыр.