Әлеуметтік желіде Павлодар қаласының билігі жаңа жылдық мерекеге орай шаһарды безендіруге 791,9 млн теңгеге бюджет қаражатын шығындауды жоспарлап отырғаны туралы ақпарат тарап кетті, деп хабарлайды kznews.kz.
Ақпаратта көрсетілгендей, жаңа жылдың мерекеге орай дайындық және қаланы безендіру бойынша 3 лот Мемлекеттік сатып алулар порталында жарияланған.
Тапсырыс беруші — Павлодар қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі. Оның ішінде сомалардың ең ірісі — 446,4 млн теңге. Одан кейін 236,6 млн және 108,9 млн теңге деп көрсетілген. Қаражат мерекелік конструкцияларды монтаждау мен қызмет көрсету, жабдықтарды тасымалдау, арнайы техника мен қызметкерлердің жұмысы үшін төленетіні көрсетілген. Олардың ішінде ондаған арнайы техника қажет етілетіні айтылады, яғни автокрандар мен самосвалдар, автобустар, тиегіштер мен автомұнаралар қажет.
Қала тұрғындары желіде мұншама көп соманың жаңажылдық безендірулерге бөлінуі ойға сыймайтынын жазып жатыр. Одан да бұл ақшаны балаларға тәтті сыйлықтар үлестіруге немесе облыстағы әлеуметтік мәселелерді шешуге бағыттаса болар еді деген пікірде.
Ал Павлодар қаласының билігі лотта көрсетілген қызметтер жаңа жылдық безендіруді қарастырмайды деп мәлімдеді.
— Бұл шарт жалпы қалалық сенбіліктерді өткізу, санитарлық тазалау, конструкцияларды, материалдарды және басқа да қажетті жүктерді тасымалдау кезінде мамандандырылған техниканы пайдалануды көздейді. Техника тек Павлодарда шаруашылық және ұйымдастыру жұмыстарын орындау үшін қолданылады.
Бұдан басқа, ол тазалық пен абаттандыру айлары кезеңінде тартылады, білім беру және медициналық мекемелерге беріледі, сондай-ақ сенбіліктер өткізу кезеңінде саяжайлардағы бау-бақша аумақтарынан қоқыстарды шығару үшін пайдаланылады, — деп хабарлады Kazinform тілшісіне Павлодар қаласы әкімінің баспасөз қызметінен.
Былтыр Павлодар қаласында жаңажылдық іс-шараларға 190 млн теңге бөлінген еді.
Ал биыл мерекеге бөлінетін қаражат 8 есе азайып, 23 млн теңгені құрап отырғаны туралы жазғанбыз.
2024 жылдың қаңтар айында Павлодарда 52 млн теңгенің шыршасы қатты желге шыдамай омақаса құлағаны әлі де көптің есінде.