KZNews.kz
Қоғам

«Пәтерге бірге барайық”: 60 жастағы шал мектеп оқушысын зорламақ болды

Ayzhan Sylanova
Фото: видеодан скриншот

Алматы облысының Талғар ауданында 15 жастағы қызға қатысты күдікті әрекет тіркелгені хабарланды. Бұл туралы журналист Тоқтар Жақаш өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды,, деп хабарлайды kznews.kz.

Журналистің мәліметінше, оқиға Бесағаш ауылындағы «Алматау» тұрғын үй кешенінде күндіз, шамамен 15:30–16:00 аралығында болған. Мектептен үйіне қайтып келе жатқан жасөспірім қыз подъезге жақындағанда, шамамен 60 жастан асқан ер адам оған күмән тудыратын қимыл жасап, мойнынан құшақтауға әрекет еткен. Қорыққан оқушы оны итеріп, подъезге кіріп кеткенімен, әлгі ер адам артынан еріп келіп, белінен ұстап, «пәтерге бірге барайық» деген мазмұнда сөз айтқан. Қыз ер адамның қолынан әрең босап, үйіне кіріп үлгерген.

Кешкі уақытта жағдайды естіген анасы дереу полиция шақырған. Алайда журналист жазғандай, оқиға орнына келген учаскелік инспекторлар күдіктінің пәтеріне барғанда, оның туыстары қыздың анасымен сөзге келіп, балағат сөздер айтқан.

Арызданушы тараптың сөзінше, полиция қызметкерлері «қыз зорланбаған» деген себеппен арызды бірден тіркемеген.

Сонымен қатар қыздың анасы тұрғын үй кешеніндегі бейнебақылау камераларынан алынған жазбалар бар екенін, кадрларда күдікті ер адамның подъезд алдында қызды құшақтағаны айқын көрінетінін айтқан.

Журналист Тоқтар Жақаш жариялаған ақпаратқа сәйкес, Талғар аудандық полициясы қылмыстық істі әлі тіркемеген.

Қоғам белсенділері мен құқық қорғаушылар бұл оқиғаға қатысты қадағалауды күшейтіп, құқық қорғау органдары мен прокуратураның дереу әрекет етуі қажет деген пікір білдіруде.

Ayzhan Sylanova
Автордың басқа материалдары