2026 жылдан бастап Қазақстанда жаңа Салық кодексі күшіне енеді. Ол тұрғын үйді жалға беруден түсетін табысты заңдастыру тәртібін өзгертеді. Енді пәтер немесе үйді жеке кәсіпкер ретінде тіркелмей-ақ ресми жалға беру мүмкіндігі қарастырылған жаңа режим енгізіледі.
Қазірге дейін Қазақстанда тұрғын үйді жалға беруді ресми рәсімдеудің бес тәсілі болды: оның үшеуі — жеке кәсіпкерлерге, екеуі — жеке тұлғаларға арналған. Пәтер иелері патентпен, жеңілдетілген декларация арқылы немесе мобильді қосымша арқылы салық төлеп жұмыс істей алды.
2026 жылдан бастап бұл тәсілдердің бәрі жойылып, олардың орнына тек өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған жаңа режим қалады. Ол рәсімдеуді жеңілдетеді, бірақ бірқатар шектеулер енгізеді.
Жаңа режим қалай жұмыс істейді?
Басты артықшылығы — жеке кәсіпкер ретінде тіркелудің қажеті жоқ. Бар болғаны өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін арналған мобильді қосымшада тіркеліп, табыстың 4 пайызы мөлшерінде әлеуметтік төлемдерді аударып отыру жеткілікті.
Бұл 4% келесідей бөлінеді:
- 2% — зейнетақы жарналары;
- 1% — міндетті медициналық сақтандыру;
- 1% — әлеуметтік аударымдар.
Табыс салығы (ЖТС) төленбейді, оның мөлшерлемесі — 0%. Бірақ табысқа шектеу бар: айына 300 АЕК-тен (қазіргі есеппен шамамен 1,18 млн теңге) аспауы тиіс. Сондай-ақ жалға беруші тек жеке тұлғалармен жұмыс істей алады және жалдамалы қызметкерлері болмауы керек.
Мысалы, егер сіз пәтерді 200 мың теңгеге жалға берсеңіз, мобильді қосымша арқылы 8 мың теңге әлеуметтік төлем аударуыңыз қажет. Жүйе автоматты түрде жалға алушыға арналған электронды чек қалыптастырады — кассалық аппаратсыз және күрделі есептіліксіз.
Егер пәтерді жалға алушы заңды тұлға болса, ол салықты өзі ұстап қалып, бюджетке аударады, ал жалға беруші «таза» табысын алады. Сондай-ақ бұрынғыдай табыс туралы декларация (270.00 нысаны) тапсырып, салықты өз бетіңізше төлеуге де болады.
Қазір жеке кәсіпкер ретінде жұмыс істеп жүрген азаматтар да жаңа режимге өте алады — ол үшін тіркеуден шығып, мобильді қосымшада қайта тіркелу қажет. Алайда қаласа, бұрынғы жеңілдетілген жүйеде қала береді, тек ол қосымша есептілік пен тоқсан сайынғы төлемдерді талап етеді.