Елімізде интернет-алаяқтардың арбауына түсіп, қомақты қаржысын өз қолымен бермек болған екі тұрғынның 30 млн теңгесі ұрланудан аман қалды, деп хабарлайды kznews.kz.
Бас прокуратураның бастамасымен құрылған «Қазақтелеком» компаниясының арнайы Антифрод колл-орталығы мен құқық қорғау органдары бірлесіп, екі бірдей қылмыстың жолын кесті. Олардың жедел іс-қимылының арқасында қарапайым азаматтардың жиған-терген ақшасы сақталып қалған.
Мәселен 10 шілдеде 1950 жылы туған қария онлайн ұрылардың психологиялық қысымына шыдамай, пәтерін сатудан түскен 20 млн теңгесін депозитінен шешіп, жалған қауіпсіз шотқа аударуға оқталған. Алайда мамандар мен полиция қызметкерлері дер кезінде араласып, қарт адамның ақшасын аман алып қалды. Арада үш күн өткен соң Шымкент қаласында дәл осындай жағдай қайталанып, 1978 жылы туған жергілікті тұрғын алаяқтардың нұсқауымен 10 млн теңгесін бөгде шотқа жіберуге дайындалған. Осы кезде дабыл қаққан Антифрод орталығының мамандары Киберпол бөлімшесімен бірлесіп жедел әрекет етті де, жәбірленуші және оның туыстарымен профилактикалық әңгіме жүргізіп, ақша аударылуға шақ қалғанда қылмысты тоқтатты.
Қазіргі уақытта телефон алаяқтары өздерін банк, мемлекеттік орган, құқық қорғау құрылымдары немесе байланыс операторларының қызметкері ретінде таныстырып, адамдарды алдау үшін әлеуметтік инженерия әдістерін жиі қолданады. Осыған байланысты мамандар азаматтарды цифрлық қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға, ешқашан ақшаны қауіпсіз немесе резервтік шоттарға аудармауға шақырады. Сонымен қатар бөгде адамдарға SMS арқылы келген кодтарды, құпиясөздерді немесе банк карталарының деректерін айтуға болмайтынын, ал күмәнді қоңыраулар түскен жағдайда тұтқаны қоя салып, ұйымның ресми сайтындағы нөмірге өзіңіз хабарласу қажеттігін ескертеді.
Күн сайын алаяқтық тәсілдерді анықтап отырған компания алдағы уақытта да мемлекеттік органдармен бірлесіп, халықты телефон және интернет-алаяқтардан қорғау құралдарын жетілдіре беретінін мәлімдеді.