Әлем

Парламент отырысында маймылдың суретін салған депутат кешірім сұрады

Парламент отырысында маймылдың суретін салған депутат кешірім сұрады
Фото: Newsis

Оңтүстік Кореяда Ұлттық жиналыс (парламент) отырысы кезінде горилла суретін шимайлап отырған депутат Ю Ёнха қоғамның қатты сынына ұшырады. Бұл туралы Chosun.com хабарлады, деп жазады kznews.kz.

27 қазанда саяси істер жөніндегі комитеттің жиыны кезінде журналистер депутаттың ноутбук экранында сурет қарап отырып, дәптеріне горилла салып отырған сәтін түсіріп алған. Кадрларда Ю Ёнханың түрлі қарындашты ауыстырып, суретті ұқыппен салып отырғаны байқалады.

Оқиға қоғамда қызу талқыланып, депутаттың жұмысқа салғырт қарағаны үшін сынға ұшырауына себеп болды.

29 қазанда Ю Ёнха мәлімдеме жасап, қызметтік тексеріс кезінде зейін қоймай, салғырттық танытқанын мойындап, кешірім сұрады.

«Есепті тыңдау кезінде жауапкершілік танытпадым. Бұл қателігім үшін өкінемін. Енді ашу мен күйзеліспен күресудің басқа жолын табамын», — деді депутат.

Ю Ёнха өзінің әрекетін түсіндіре келе, мұндай суреттердің «жасырын мағынасы жоқ» екенін айтты. Оның сөзінше, ол толқуды басу үшін немесе өзін тыныштандыру мақсатында жануарлардың қарапайым карикатурасын салып отырады.

«Кейде сұрақ қою алдындағы қобалжуды басу үшін жануарлардың суретін саламын. Бұл жолы горилланы үлкейтіп жіберіп, көлеңке түсіруге біраз уақыт кеткен», — деп ақталды ол.

Оқиға депутаттар мен қоғам арасында парламенттік этика мен жауапкершілік мәдениеті жөніндегі пікірталас тудырды.

Ұқсас материалдар

Барлығы
KZNews.kz