Әлеуметтік желіде Түркістан облысынан шыққан қыз бен Ұлытау облысының тұрғынына қатысты оқиға қызу талқыланып жатыр. Жазба авторының айтуынша, бойжеткен жігітке өз еркімен тұрмысқа шыққан. Кейін ол полицияға өзін «алып қашқанын» айтып, арыз жазған, деп хабарлайды kznews.kz.
Желіде тараған ақпаратқа сәйкес, Аида Нұрсұлтанмен тоғыз ай бойы кездесіп жүрген. Жазба авторының айтуынша, екі жас отбасын құруға өзара келісіп, 2026 жылғы 15 шілдеде бойжеткен Қарсақбайға келін болып барған.
«Аида Нұрсұлтанмен тоғыз ай бойы қыз бен жігіт ретінде араласып, тұрмысқа шығуға өз еркімен келісім берді. Кейін Қарсақбай кентіне келін болып түсті», – делінген жазбада.
Алайда кейін бойжеткен полицияға өзін алып қашқаны туралы арыз бергені айтылады. Жазба авторы арызды қайтарып алу үшін 5 миллион теңге талап етілгенін мәлімдеді.
"Алып қашуды өзі ұсынған азаматша артынан қуып келген қуғыншыларға “Жасым кәмелеттік жастан асқан, 19 ға толған қыз ретінде, шешімді өзімді қабылдаймын, өз еркіммен келдім, мені ешкім күштемеді, бармаймын” деп қарсылық көрсетіп, қолхатын да жазып берген болатын. Қуғыншылар шақыртқан полиция қызметкерлеріне де дәл осылай жауап беріп, видео арқылы мәлімдеме жасаған. Алайда, келесі күні ата-анасы келгенде, өз ойынан айнып, еріп кете берді. Онымен қоймай, “Мені келісімсіз алып қашты” деп жігіттің үстінен арыз жазды. Кешірім сұрап, артынан барған кісілерге, “5 МИЛЛИОН ақша берсеңдер, арызды қайтарып аламыз” деп ашықтан-ашық талап қойған. Ақша беруден бас тартқандары үшін дәл қазіргі уақытта түрлі айып тағып жатыр. Атап айтқанда, шындықты айтқандары үшін жігіт жолдас пен өзінің досы қызжолдастың да үстінен арыз жазып, жалған айыппен жігіттің үстінен де іс қозғатып жатыр", - дейді жазба авторы.
Күйеу жігіттің отбасы оқиғаның мән-жайын анықтауға көмектесуді сұрап, әлеуметтік желі арқылы көпшілікке және құзырлы органдарға жүгінген.
Оқиғаға қатысты ресми органдар әзірге түсініктеме берген жоқ.