Атырау облысы Жангелдин ауылында із-түзсіз жоғалған отбасыға қатысты тың дерек шықты, деп хабарлайды Alash.kz.
Жақындарының айтуынша, отбасы жоғалған кезеңде олармен тек WhatsApp мессенджері арқылы ғана байланыс болған. Өз үйінің сарайынан мәйіті табылған Мақсот Қарабалиннің туған қарындасы Әдемі Шылмағамбетова оқиғаның қалай өрбігенін баяндады.
Оның сөзінше, қараша айының басында ұлы Наурыз әпкесіне отбасындағы жанжалдар туралы WhatsApp арқылы хабарлама жолдаған. Сол хабарламадан кейін байланыс үзіліп, Әдемі Шылмағамбетова өзі бірнеше рет хабарласуға тырысқан.
Туысының айтуынша, сол кезеңде отбасы мүшелерінің ішінде тек Наурыздың нөмірі ғана белсенді болған.
"Дым қалдырмай уақ малдарын сатып жіберіпті дегесін, мен қайтадан Наурызға шықтым. "Әй, Наурыз, не істеп жатсыңдар? Уақ малдарыңды сатып жіберді деп айтып жатыр. Өздері жоқ деп айтады ғой. Қайда кеттіңдер?" дедім. Телефонмен соқтым ғой. Сосын ол маған былай жазыпты. "Апамды Ташкентке алып кеттік. Емдетуге" деді. Сосын тағы бір айналып, тағы соқтым. "Әй, Наурыз! Ташкентте қайда алып кеттіңдер? Больницада ма? Санаторияда ма? Қайда?" деп едім. "Ағайындарда, таныстың үйінде" деді. Телефонмен сөйлеспейді. Уатсаппен жазады. Телефон соқсам, бірден ответ бермейді. Тағы айналып, тағы соқтым. "Әй, айналайын, не істеп жатсыңдар?". "Жоқ. Апам деген массаж алып жатыр. Анализ тапсырып жатыр. Емделіп жатыр" деді. Сосын мен айттым. "Еліңде малың бар. Үйіңде газ жанып тұр. Тәтең мен Мейрамгүлді ауылға жібер. Сен мамаңның қасында бол. Емдет. Апаңның емі қашан бітеді" дедім. "Декабрьдің 10-ында ауылға шығамыз" деді. Сосын, енді уже декабрь өтіп кетті. 10-дары болып қалыпты. "Әй, Наурыз не істеп жатсыңдар. Қайдасыңдар?". "Тәтемнің танысының үйіндеміз" деді. Тәтесінде қайдағы Ташкентте таныс?! Сеніп қалып тұрмын ғой енді", – деді Әдемі Шылмағамбетова.