Қылмыскерлер Калининград тұрғынын тұншықтырып, үйінен ақша мен зергерлік бұйымдарды ұрлап кеткен. Калининградта 20 жыл бұрын болған кәсіпкердің өлімі мен қарақшылық шабуыл дерегі ашылды, деп хабарлайды kznews.kz Ресей Тергеу комитетіне сілтеме жасап.
«Қылмыстық кодекстің 105-бабы 2-бөлігі "з" тармағы бойынша айыпталған Гусев қаласының 45 жастағы тұрғынына қатысты қылмыстық істі тергеу аяқталды», – делінген хабарламада.
Тергеу мәліметінше, айыпталушы өңірдің тағы алты тұрғынымен бірігіп, Калининградтағы Спортивная көшесінде орналасқан жеке үйде тұратын отбасына шабуыл жасауды алдын ала жоспарлаған. 54 жастағы ер адам автожөндеу шеберханасының иесі болған, ал қылмыскерлердің көбі оны бұрыннан таныған. Олар міндеттерін өзара бөліп, кәсіпкердің үйін бақылауға алып, күн тәртібін зерттеген. Шабуыл кезінде бетперде мен қолғап киіп, әрекеттерін жасырған.
Қылмыскерлер үй иесі мен әйелін байлап, бастарына қап кигізіп, соққыға жыққан. Олар сейфтің қайда екенін айтуды талап еткен, себебі ішінде ірі көлемде ақша бар деп ойлаған.
Нәтижесінде, қылмыскерлер үйден кемінде 860 еуро, сондай-ақ зергерлік бұйымдар, ұялы телефон және автокөлік құжаттарын алып кеткен. Үй иесі қарсылық көрсеткен кезде айыпталушы оны тұншықтырып өлтірген. Ал әйел босап шығып, көмек сұраған.
Ұзақ уақыт бойы бұл қылмыс ашылмай келген. Алайда өткен жылдардағы ауыр қылмыстарды жүйелі түрде тергеу барысында құқық қорғау органдары жаңа деректерге қол жеткізді. Тергеу кезінде барлық күдіктілер кінәларын мойындаған.
Қылмыстық іс мәні бойынша қарау үшін сотқа жолданды.
«Үй иесін өлтіруге тікелей қатыспаған, бірақ қарақшылық шабуылға қатысқан алты сыбайласқа қарақшылық бойынша айып тағылды», – деп толықтырды Тергеу комитеті.