Әлеуметтік желіде тараған бейнежазба қоғамда үлкен алаңдаушылық туғызды. Видеода жасы үлкен ер адам өз өміріне тікелей қауіп төніп тұрғанын айтып, көпшілік пен құқық қорғау органдарынан көмек сұрайды. Оқиға Түркістан облысы Жетісай ауданына қарасты Жетісай қаласында болған., деп хабарлайды kznews.kz.
Қарттың айтуынша, туған ұлы бірнеше мәрте оған өліммен қорқытып, «өлтіремін» деп қоқан-лоқы көрсеткен. Ол полицияға жүгінгенін, алайда сол сәтте нақты әрі тиімді шаралар қабылданбағанын жеткізеді. Ер адам ұлының уақытша босатылуы мүмкін екенін, ал қайтадан үйге келсе, өз өміріне нақты қауіп төнетінін айтып, қатты алаңдайтынын жасырмайды.
Бейнежазбада қарт азамат бұл жағдайдың алғаш рет болып отырмағанын да баяндайды. Оның сөзінше, желтоқсан айының басында да отбасылық жанжал туындап, сол кезде қауіпсіздігі үшін үйінен кетуге мәжбүр болған. «Өз балам өзімді өлтірмекші» деген жанайқай видеодағы ең ауыр әрі жұрттың жүрегін сыздатқан тұстардың бірі болды.
Аталған жазба Instagram желісіндегі @gulmira_abykai_official парақшасында жарияланып, кеңінен таралды. Журналист Гүлмира Абықай бұл бейнежазбаны ҚР Ішкі істер министрлігінің назарына арнайы жолдағанын және мәселені қоғам алдында ашық көтеруді жөн көргенін мәлімдеді.
Қоғамдық резонанс тудырған оқиғаға байланысты құқық қорғау органдарының ресми ұстанымы мен нақты шешімі күтілуде. Көпшілік қарт адамның қауіпсіздігі қамтамасыз етілуі тиіс деп санайды.