ка

Отбасы күні: елордада ағаш отырғызу акциясы өтті

15.05.2025 19:02
0
75
Отбасы күні: елордада ағаш отырғызу акциясы өтті

Халықаралық отбасы күніне орай Астанада ағаш отырғызу акциясы өтті. Іс-шараны қала әкімдігі мен «Қазақстандық Даму Ассоциациясы» ЗТБ бірлесіп ұйымдастырды, деп хабарлайды Kznews.kz сайты.

Іс-шараның басты мақсаты – отбасылардың бірлігін нығайту, жағымды атмосфера қалыптастыру және елорда тұрғындарын отбасылық демалысты белсенді өткізуге тарту.

 

Акция елордалық Ботаникалық бақта «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы аясында өтті.

«Біз өткен жылы “Мерейлі отбасы” байқауына қатысып, жүлделі орынға ие болдық. Биыл осы дәстүрді жалғастырып отырмыз. Отбасымызбен Халықаралық отбасы күніне орай ағаш отырғызуға келдік. Мен жұбайыммен және қызыммен келдім, қалған балаларым мектепте. Бұл өте маңызды шара деп ойлаймын, ұрпақтар сабақтастығы болуы керек. Біз бүгін ағаш отырғызсақ, олар өсіп, болашақта немерелеріміз осы ағаштарды аталары мен әжелері отырғызғанын білетін болады», – деді акция қатысушысы Руслан Кунакбаев.

 

Айта кетейік, «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы жыл сайын Қазақстанда отбасы институтын нығайту, адамгершілік құндылықтарды дәріптеу, жауапты неке маңыздылығын тану, ата-аналардың бала тәрбиесіндегі жауапкершілігін арттыру және отбасылық құндылықтарды насихаттау мақсатында өткізіледі.

 

«Бүгін – Отбасы күні, сондықтан біз әкімдікпен бірлесіп ағаш отырғызуды жөн көрдік. Бұл – қаланың экологиясын қолдау. Біз қаламыздың тынысы кең, отбасыларымыздың өркендеп, дамығанын қалаймыз. Бұл өте символдық мәнге ие шара деп ойлаймын. “Мерейлі отбасы” жобасымен бірге осындай акцияны жыл сайынғы дәстүрге айналдырмақпыз. Осындай шаралар арқылы балаларымызды табиғатты аялауға, қорғауға және еліміздің болашағына экология арқылы қамқор болуға тәрбиелейміз. Болашақта бұл жерде үлкен әрі көрікті отбасылық аллея пайда болады», – деді Астана қаласы әкімінің жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі қалалық комиссияның мүшесі Баян Тойкебаева.

Пікірлер
(0)
Бұл жерде әлі ештеңе жоқ
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий