Желіде науқастарымен еркін тіл табысу үшін қазақ тілін үйренген уролог Ростислав Фроловтың видеосы қызу талқыға түсті. Дәрігердің бұл әрекеті көпшілік тарапынан жоғары бағаланып, желі қолданушылары оның кәсібилігі мен адамгершілігіне тәнті болды, деп хабарлайды kznews.kz.
Дәрігердің айтуынша, қазақ тілін үйренуге оны күнделікті жұмысы итермелеген. Бір күні қабылдауына орыс тілін мүлде білмейтін науқас келген. Сол сәттен бастап Фролов пациенттердің шағымын дұрыс түсініп, оларға сапалы медициналық көмек көрсету үшін қазақ тіліндегі қарапайым сөздер мен тіркестерді меңгере бастаған.
Уақыт өте келе урологтың сөздік қоры кеңейіп, қазақ тілі тек жұмыс құралы ғана емес, күнделікті өмірінің бір бөлігіне айналғанын айтады.
“Міндетті түрде қарапайым бірдеңе сұраймын. Мысалы, дүкенде қазақша «Қанша тұрады?» деп бастаймын. Сол сәтте адамдардың жымиып кеткенін көремін. Оларға да жағымды, өзіме де адамдарды түсінетінім ұнайды. Алтын ереже бар — түсінікті тілде сөйлеу”, – деді ол Ұлықбек Шәріповке берген сұхбатында.
Сондай-ақ дәрігер әрбір науқасқа жеке көзқараспен қарап, қабылдау кезінде жайлы атмосфера қалыптастыруға тырысатынын атап өтті.
“Егер науқасқа қарапайым «сен» деп сөйлескен ыңғайлы екенін сезсем, ешқандай мәселе жоқ. Ең бастысы — адам өзін еркін сезінуі керек”, – дейді ол.
Желі қолданушылары дәрігердің бұл сөздерін жылы қабылдап, пікір қалдыруда. Көпшілік оның қарапайымдылығы мен қазақ тіліне, ұлттық мәдениетке деген шынайы құрметін ерекше атап өтті.
“Өте керемет дәрігер, қарапайымдылығы бірден байқалады”,
“Ең бастысы — ниет пен тәжірибе, үйренем деген адам үйреніп кетеді”,
“Өз жұмысың мен Отаныңды жақсы көру деген осы ғой”,
“Қазақша таза сөйлейді екен”, – деп жазды желі қолданушылары.
Айта кетейік, бұған дейін қазақ тілінде қызмет көрсетуден бас тартқан мейрамхана әкімшілігі қазақстандықтардың наразылығын тудырған еді. Ал Ростислав Фроловтың әрекеті керісінше, қоғамда тілге деген құрмет пен өзара түсіністіктің маңызын тағы бір мәрте көрсетті.