Өскеменде полиция қызметкерлері Қазақстанның халық әртісі Мақпал Жүнісова отырған Lexus көлігін тоқтатты. Жүргізуші жауапқа тартылды, деп хабарлайды kznews.kz.
Telegram-дағы Halyqstan арнасының хабарлауынша, Мақпал Жүнісова бұл оқиға туралы Instagram желісіндегі парақшасында хабарлады.
"Өскемен полициясының жігіттері, рақмет. Міне, тұрмыз, қозғала алмай. Айыппұл", - дейді әнші видеода.
Мақпал Жүнісова көліктен шығып, полицейлерге сәлем бергенін, алайда олар жүргізушіні жібермегенін айтқан.
Шығыс Қазақстан облысының полиция департаменті 3 мамырда Өскемен қаласының Бажов көшесінде полиция қызметкерлері Lexus LX570 көлігін тоқтатқанын мәлім етті.
"Тексеріс барысында көліктің алдыңғы бүйір терезелері күңгірттелгені анықталды. Жүргізуші көлік құралдарын пайдалану ережелерін бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылды", - деді полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Шығыс Қазақстан облысының полиция департаменті жүргізушілерді Қазақстан Республикасының жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырды.