Өскеменде 12 жастағы қызын туған күнімен құттықтап, ернінен ұзақ сүйген әкенің видеосы әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр. Желі қолданушылары ер адамның әрекетін орынсыз деп сынаса, құқық қорғаушы құзырлы органдардан жағдайды тексеруді талап етті, деп хабарлайды kznews.kz
Дегенмен желі қолданушылары ер адамның әрекетін сынға алды. Айтуларынша бұлай сүю мүлде әдепке жат.
“Қандай жиіркенішті, әкеміз тіпті бетімізден бұлай сүймеген”, “Жай ған сүйсе жарайды, жабысып алып, ерсі ғой”, “Сүйген жоқ сүйіскендей, масқара”, “Жай сүбдің өзі норма емес”, “Маңдайынан иіскесін болды, бұл не масқара”, “Қызы бәрімізге уайым болды. Аман жүрсін”, “Құдай сақтасын. Мына әрекетті әкелік мейірім деп қабылдамас едім”, – деп жазды жұртшылық.
Құқық қорғаушы Ләззат Рақишева мұндай жағдайға бейжай қарауға болмайтынын айтып, кәмелетке толмаған баланың құқығы мен мүддесі бұзылған-бұзылмағанын анықтауды сұрады. Осыған байланысты ол Ішкі істер министрлігіне, Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиеваға, Бас прокуратураға және Өскемен қаласының полиция департаментіне ресми өтініш жолдаған.
Шығыс Қазақстан облысының полиция департаменті бұл деректің тіркелгенін және қазір тексеру жүріп жатқанын хабарлады. Тексеруге облыстық білім басқармасының, жергілікті атқарушы органның және қорғаншылық органдарының қызметкерлері де тартылған.
"Аталған дерек полицияда тіркелді. Қазір тексеру жүріп жатыр. Сонымен қатар тексеруге Шығыс Қазақстан облысының білім басқармасы, жергілікті атқарушы орган және қорғаншылық органдарының қызметкерлері тартылды", – деп хабарлады ведомство.
Дегенмен оқушының ата-анасы желіде өздерін сынап жатқандарға жауап қайтарды.
“Керемет, видеоны түсіріп, жариялаймыз. Одан кейін пікірлерге де қараймыз. Кейбіреулер "Заман не болып кетті?" деп жазып жатыр. Бірақ, "Керуен көшеді, ит үреді" деген сөз бар ғой. Ақылмен ойлайтын, жағдайға түсіністікпен қарайтын адамдар бәрін дұрыс қабылдайды. Ал негатив пікір жазатындар да бар. Адам көбіне өзі іздеген нәрсені көреді ғой. Бізді қолдап, жылы пікір жазып жатқандардың барлығына мың алғыс! Бізде бәрі жақсы. Ондай сынға бола сынбаймыз, мойымаймыз. Барлық нәрсе – Алланың сынағы”, – деді қыздың әкесі.