Мәжіліс депутаты Сергей Пономарев қоғамда қызу талқылауға себеп болған қазақ тілі мен орыс тіліне қатысты «қатар» және «тең» сөздерінің мәнін түсіндірді, деп хабарлайды kznews.kz.
Жаңа Конституция жобасын әзірлеушілер, соның ішінде Парламент өкілдері мен қоғамдық белсенділер еңбек ұжымдары, педагогтар және қоғаммен кездесулерін жалғастыруда. Негізгі мақсат – референдум алдында құжаттың басты ережелерін түсіндіру және ең көп қызығушылық тудыратын сұрақтарға жауап беру.
Мәжіліс депутаты Сергей Пономарев қоғамда қызу талқылауға себеп болған қазақ тілі мен орыс тіліне қатысты «қатар» және «тең» сөздерінің мәнін түсіндірді.
“Қазақстанның мемлекеттік тілі қазақ тілі болып табылады.9-баптың 2-тармағында орыс тілі ресми тіл екені, оны қазақ тілімен қатар қолдануға болатыны жазылған. Елімізде ұлттар мен ұлыстар көп болғандықтан, орыс тілі қатар қолданылатын тіл ретінде таңдалды. Мен филолог ретінде айтарым, екі тіл тең болуы мүмкін, мысалы қазақ тілі мен орыс тілі деген секілді. Қатар дегенде үш немесе бес тіл болуы мүмкін. Бізде тіл көп болғандықтан, ұзақ талқылай келе қазақ тілі мен орыс тілін қатар қолданылады деген тоқтамға келдік», - дейді депутат.
Айта кетейік, жаңа Конституция жобасының 9-бабында орыс тіліне қатысты қолданылған «тең» сөзі «қатар» деген нұсқаға ауыстырылған еді.