Орындалмайтын миссия: Трамптың арнайы өкілдерінің Киев пен Мәскеуке сапары нәтиже бермеді
RU KZ

Бізбен байланыс

Мекен-жай
КР, г.Астана, ул.Әбікен Бектұров, 4/3
Телефон
+7 701 933 8520
Email
aktan.yeltay@gmail.com
WhatsApp
+7 701 933 8520

Біздің әлеуметтік желілер

Кремльдегі үш сағаттық кездесу: Вашингтон Мәскеу мен Киевті бітімге көндіре ала ма?

Кремльдегі үш сағаттық кездесу: Вашингтон Мәскеу мен Киевті бітімге көндіре ала ма?
Фото: eurotopics.net

АҚШ президенті Дональд Трамптың арнайы өкілдері Стив Уиткофф пен Джаред Кушнерді Ресейге арнайы сапармен келген болатын. Кремльде оларды Ресей президенті Владимир Путин қабылдады.

Мәлім болған ақпаратқа сәйкес, үш сағаттан астам уақытқа созылған жабық келіссөздің негізгі тақырыбы Украинадағы соғысты тоқтату және ықтимал бейбіт келісімнің шарттары болған.

Ресей президентінің көмекшісі Юрий Ушаковтың мәліметінше, кездесу 3 сағат 10 минутқа созылған. Кремль келіссөзді "конструктивті әрі барынша ашық" деп бағалады. Америкалық тарап әскери қимылдарды мүмкіндігінше тез тоқтатуға мүдделі екенін білдіріп, соғысты реттеудің бірнеше нұсқасын ұсынған.

Алайда, келіссөзден кейін Мәскеудің негізгі ұстанымы өзгермегені байқалады. Путин Ресейдің Украинаға қатысты өз мақсаттарына жетуге ниетті екенін мәлімдеп, бейбітшілікке қол жеткізу үшін өзі атаған "қақтығыстың түпкі себептерін" жою қажеттігін тағы да алға тартқан. Бұл Мәскеудің келіссөздегі талаптары тек атысты тоқтатумен шектелмейтінін көрсетеді. 

Жалпы, Вашингтонның Мәскеумен тікелей диалогты жалғастырып отырғанының өзі үлкен саясаттағы маңызды өзгеріс. АҚШ өкілдері Путиннің ұстанымдарын Киевтегі алдағы келіссөздерде ескеруге уәде берген. Ақ үйдің мәліметінше, тараптар алдағы іс-қимылдың нақты жоспарын да талқылаған. Оның кейбір егжей-тегжейі алдағы апталарда жариялануы мүмкін.

Сондай-ақ, келіссөздің тағы бір назар аударарлық тұсы санкциялар тақырыбының тасада қалмауы болса керек. АҚШ Қаржы министрлігінің санкциялық саясатына жауапты Джин Лангтың Мәскеуде Ресей президентінің арнайы өкілі Кирилл Дмитриевпен кездесуі Вашингтон мен Мәскеу арасында Украинадан бөлек экономикалық шектеулер мәселесі де талқыланып жатқанын аңғартады.

Дегенмен қазіргі кезеңде мұны бейбіт келісімге қол қойылатындығының белгісі деп қабылдау ерте. Негізгі мәселе Мәскеу талаптарының Киев пен оның еуропалық одақтастарына қаншалықты қолайлы болатынына қатысты болыпотыр. Сондықтан Кремльдегі ұзақ келіссөз дипломатиялық арналардың жанданғанын көрсеткенімен, соғысты тоқтататын нақты мәміле әлі қалыптасқан жоқ.

Егер Вашингтон Мәскеу мен Киев арасындағы ұстанымдарды жақындата алса, бұл Трамп әкімшілігінің сыртқы саясатындағы ең ірі дипломатиялық нәтижелердің бірі болуы мүмкін. Ал келіссөздер Ресейдің талаптары мен Украинаның қауіпсіздік мүдделері арасындағы қайшылықтан өте алмаса, үш сағаттық кездесу кезекті дипломатиялық раундпен ғана шектелуі ықтимал.

Автор
Қалмаханбет Мұқаметқали

Қалмаханбет Мұқаметқали, журналист. І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің түлегі. Журналистикада 33 жыл еңбек етуде. Еңбек жолын аудандық газетте бастап, республикалық басылымдарда басшылық қызметтер атқарған.