KZNews.kz
Саясат

Орталық Азия Шығыс пен Батысты байланыстыратын транзиттік торапқа айнала алады – Тоқаев

Ілияс Тұрсынхан
фото: Ақорда

Мемлекет басшысы сөзінің басында Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевке көрсетілген қонақжайлық пен саммиттің жоғары деңгейде ұйымдастырылғаны үшін алғыс айтты. Сондай-ақ Еуропалық кеңес Президенті Антониу Коштаға, Еуропалық комиссия Президенті Урсула фон дер Ляйенге және Орталық Азия елдерінің басшыларына көпқырлы ынтымақтастықты дамытуға қосқан үлестері үшін ризашылығын білдірді, деп хабарлайды kznews.kz.

Президент қазіргі геосаяси үдерістер мен жаһандық сын-қатерлер жағдайында өңіраралық әріптестікті кеңейту стратегиялық маңызға ие екенін атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев саммит қатысушыларына Орталық Азия мен Еуропалық одақ арасындағы өзара ықпалдастықтың болашақ бағыттарына қатысты ұстанымын жеткізді.

Мемлекет басшысы сауда-экономикалық байланыстарды нығайтуды негізгі басымдықтардың бірі ретінде атады. Оның айтуынша, Қазақстан ЕО нарығына 175 тауар түрі бойынша 2 млрд АҚШ долларынан астам сомаға экспорт көлемін ұлғайтуға әзір.

Осы жобаларды қаржыландыру мақсатында Президент еуропалық компанияларды «Астана» халықаралық қаржы орталығының мүмкіндіктерін пайдалануға шақырды.

Сөз барысында энергетика саласы да маңызды ынтымақтастық бағыты ретінде атап өтілді.

– Қазақстан Еуропа үшін көмірсутектердің сенімді жеткізушісі болып қала береді. Еліміз ЕО-ға импортталатын мұнайдың шамамен 13 пайызын қамтамасыз етеді, оның негізгі бөлігі Каспий құбыр консорциумы арқылы тасымалданады. Біз бұл консорциумның тұрақты әрі ұзақ мерзімді жұмысын қолдауға бағытталған Еуроодақтың қолдауын жоғары бағалаймыз және баламалы тасымал бағыттарын да дамытып келеміз. Қазақстан жаңартылатын энергетика мен экологиялық таза отын саласындағы жобаларды іске асыруда. Жел және күн энергетикасын дамытуға, сондай-ақ еуропалық серіктестермен бірлесіп «жасыл» сутек өндіруге басымдық берілуде. Сонымен қатар Қазақстан Өзбекстан және Әзербайжанмен бірге Каспий теңізі арқылы «жасыл» энергияны жеткізу желісін салу жөніндегі ірі жобаны қолға алды, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, сирек кездесетін жер металдары саласындағы ынтымақтастық та стратегиялық мәнге ие. Қазақстан Еуропалық одақ экономикасы үшін аса қажет 34 шикізаттың 19 түрін өндіреді. Олардың қатарында уран, титан, мыс, литий, кобальт, вольфрам және басқа да ресурстар бар. Сонымен бірге еліміз ЕҚДБ-мен бірлесіп геологиялық барлау жобаларын жүзеге асырып, тау-кен саласында орнықты әрі заманауи тәжірибелерді енгізіп келеді. Осы тұрғыда Мемлекет басшысы Астанада сирек кездесетін металдар бойынша өңірлік зерттеу орталығын құруды ұсынды.

Президент қажетті инфрақұрылым қалыптасқан жағдайда және өңір елдерінің үйлесімді іс-қимылы нәтижесінде Орталық Азия Шығыс пен Батысты байланыстыратын ірі транзиттік хабқа айнала алатынын атап өтті. Былтыр Транскаспий халықаралық көлік бағыты арқылы контейнерлік тасымал көлемі 62 пайызға артып, 4,5 млн тоннаны құрады. Ал 2027 жылға қарай бұл көрсеткішті 10 млн тоннаға дейін жеткізу көзделіп отыр. Қасым-Жомарт Тоқаев ЕО-ның Global Gateway стратегиясын қолдайтынын білдірді.

Қазақстан декарбонизация саясатын да белсенді жүзеге асырып келеді. Президенттің айтуынша, еліміз әлемдік ядролық отын жеткізілімінің шамамен 40 пайызын қамтамасыз етіп, таза энергия өндірісінде маңызды рөл атқарып отыр. Өткен жылы Қазақстанда климаттың өзгеруі мен «жасыл» энергетика мәселелері жөніндегі өңірлік жобалық офис құрылды.

Мемлекет басшысы цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні дамытуға да айрықша тоқталды.

– Қазақстан бұл бағыттарға жүйелі түрде инвестиция құюда. Жыл басында Президент жанынан Жасанды интеллект жөніндегі халықаралық консультативтік кеңес құрылды. 100 мың IT-маман даярлау бағдарламасы іске асырылып жатыр. Астанада инновацияларды енгізуге, стартаптарды қолдауға және зерттеулер жүргізуге арналған Alem.AI орталығы ашылуда. Сонымен қатар жасанды интеллектіні жедел дамытуға бағытталған венчурлық қор іске қосылды. Team Europe бастамасы аясында Еуропалық одақ Орталық Азия елдерінің цифрлық саладағы ынтымақтастығына қолдау көрсетіп келеді. Қазақстан тәжірибе алмасуға дайын. Осыған байланысты Astana Hub базасында «Орталық Азия – Еуропалық одақ» инновациялық кампусын құруды ұсынамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Еуропалық одақтың ғылым мен білім салаларында Қазақстанның маңызды серіктесі болып отырғанын атап өтті.

– Біз Erasmus+, Horizon Europe және басқа да бағдарламалар аясында белсенді ынтымақтасып келеміз. Қазақстанда шетелдік университеттердің 30-дан астам филиалының ашылуы академиялық білімнің дамуына серпін берді. Біз гранттар мен стипендиялар санын арттыруға мүдделіміз. Осыған орай жасанды интеллект, су ресурстарын басқару, биотехнология және өзге де басым бағыттар бойынша мамандар даярлауға арналған «Орталық Азияға арналған Erasmus+» бағдарламасын әзірлеуді ұсынамыз, – деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық қауіпсіздік пен тұрақтылықтың орнықты дамудағы шешуші рөлін атап өтіп, Қазақстанның теңгерімді сыртқы саясатты ұстанатынын және ЕО-ны қоса алғанда, барлық серіктестермен ынтымақтастықты кеңейтуге дайын екенін айтты.

Жаһандық тұрақсыздықтың артуына назар аударған Президент күрделі халықаралық үдерістерге баға беруде жауапкершілік пен сабыр сақтаудың маңызын жеткізді. БҰҰ-ның 80 жылдығы қарсаңында ол елдерді ұйым Жарғысы мен халықаралық құқық қағидаттарын сақтауға және Бас хатшы Антониу Гутерриштің қызметін қолдауға шақырды.

Президент Украина бойынша келіссөздер үдерісін қолдайтынын білдірді.

– Қазақстан қақтығыстарды бейбіт жолмен шешу қағидатын ұстанады. Сондықтан Украинаға қатысты келіссөздердің басталуын құптаймыз және мәселенің күрделілігін түсіне отырып, оң нәтиже болады деп үміттенеміз, – деді ол.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Алматы қаласында Орталық Азия мен Ауғанстан үшін БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттары жөніндегі өңірлік орталық құру бастамасына қолдау көрсеткені үшін саммитке қатысушылар мен еуропалық серіктестерге алғыс айтты. Оның пікірінше, бұл орталық «2030 күн тәртібін» іске асыруға және өңірдегі әлеуметтік, экономикалық әрі экологиялық мәселелерді шешуге ықпал етеді.

Жиын барысында Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Түрікменстан президенттері, сондай-ақ Еуропалық кеңес, Еуропалық комиссия және Еуропалық қайта құру және даму банкінің өкілдері сөз сөйледі.

Ілияс Тұрсынхан
Автордың басқа материалдары