Оралда бес жасар балаға қаңғыбас иттер шабуыл жасап, ол ауыр жарақатпен ауруханаға түсті, деп хабарлайды kznews.kz.
Оқиға 17 мамыр күні кешке тұрғын үй ауласындағы балалар алаңында болған. Баланың анасы Назгүл Сандыбаеваның айтуынша, ұлына жеті бірдей ірі ит тап берген. Салдарынан оның саны тістеліп, арқасы жыртылып, қолы мен саусақтары жараланған.
Баланы көршілерінің бірі айқайын естіп, иттерден арашалап қалған. Кейін ол жараланған бүлдіршінді ата-анасына жеткізген.
Дәрігерлер балаға сегіз тігіс салып, қажетті екпелер жасаған. Қазір оның жағдайы тұрақты деп бағалануда.
Баланың анасы жергілікті биліктен қаңғыбас иттер мәселесіне шұғыл назар аударуды талап етті. Ал қала әкімдігі қараусыз жануарлардың санын азайту жұмыстары заң аясында жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.