Оқырмандар тарапынан қазақша кітаптарға деген қызығушылық жылдан жылға артып келеді екен. Мұндай қорытынды жасауға кітапханалардағы көрсеткіштерде негіз болып отыр.
Соңғы бір жыл ішінде елдегі көпшілік кітапханалар оқырмандарына 88,9 миллионнан астам кітап пен басқа да басылым берілген. Соның 53,4 миллионы немесе 60,1 пайызы қазақ тіліндегі әдебиеттердің үлесіне тиесілі. Бұл мемлекеттік тілдегі кітаптардың қоғамдағы сұранысы тұрақты өсіп келе жатқанын көрсететін маңызды көрсеткіш.
Кітапхана қорлары да жаңа әдебиеттермен үздіксіз толықтырылып келеді. Бір жылдың ішінде кітапханаларға 906,5 мың жаңа басылым түскен болса, оның 662,3 мыңы қазақ тіліндегі кітаптар. Бүгінде еліміздің көпшілік кітапханаларындағы қазақ тіліндегі әдебиеттер қоры 30,3 миллион данаға жетіп, жалпы кітап қорының 41,7 пайызын құрап отыр.
Ал оқырмандар арасында бұрынғысынша көркем әдебиетке сұраныс жоғары деңгейде сақталып отыр. Тіл білімі мен әдебиеттану саласындағы кітаптарды қоса есептегенде, бұл бағыттағы басылымдар барлық берілген әдебиеттердің 57,6 пайызын немесе 51,3 миллион данасын құрайды. Жаңа түскен кітаптардың басым бөлігі де осы санатқа жатады.
Айтпақшы, кітапханалардың негізгі оқырмандарының қатарында балалар мен жастар басым екен. Қазіргі таңда 15 жасқа дейінгі 1,75 миллион бала мен 1,38 миллион жас кітапхана қызметін тұрақты пайдаланады. Ересек оқырмандар саны 2,4 миллион адамға жеткен.
Сондай-ақ, өңірлер арасындағы кітап оқу бойынша белсенді аймақ ретінде Павлодар облысы көш бастап тұр. Мұнда тұрғындардың 47 пайызы кітапхана қызметін пайдаланады. Одан кейін Солтүстік Қазақстан облысы – 45 пайыз, Батыс Қазақстан облысы – 42 пайыз көрсеткішпен алдыңғы қатарда.
Қорыта айтқанда, мәліметтер Қазақстанда оқу мәдениетінің нығайып келе жатқанын аңғартады. Әсіресе, қазақ тіліндегі кітаптарға деген қызығушылықтың артуы мемлекеттік тілдің қоғамдық қолданысын кеңейтіп қана қоймай, ұлттық әдебиет пен рухани құндылықтардың жаңа буын арасында кеңінен насихатталуына да жол ашып отыр.