Оңтүстік өңірдегі, оның ішінде Қызылорда облысындағы шалғай елді мекендердің тұрғындары биыл радиокөпір технологиясының көмегімен сапалы әрі жоғары жылдамдықты интернетке қол жеткізіп жатыр. Бұл туралы «Қазақтелеком» компаниясы хабарлайды, деп жазады kznews.kz.
Байланыс операторының бөлшек сауда бизнесі дивизионы сымды интернет тартуға техникалық мүмкіндігі жоқ ауылдарда биыл 20 базалық станция орнатуды жоспарлап отыр. Қазіргі уақытта негізгі жұмыстар Қызылорда облысының Арал, Шиелі және Жаңақорған аудандарында жүргізіліп, онда 8 станция толық іске қосылса, тағы 2 станция орнатылу үстінде. Радиокөпір деп аталатын бұл заманауи технология дәстүрлі мыс желілеріне қарағанда деректерді тасымалдау жылдамдығын айтарлықтай арттырып, ауыл тұрғындарын тұрақты байланыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
«Радиокөпір технологиясы бойынша сымсыз интернет секундына 20 Мбит/с жылдамдықты қамтамасыз етеді, ал дәстүрлі ADSL технологиясында бұл көрсеткіш орташа есеппен 4-5 Мбит/с құрайды. Шалғай елді мекендердің тұрғындары үшін бұл заманауи цифрлық сервистерді еркін пайдалануға және сапалы интернетке қол жеткізуге мүмкіндік беретін ең оңтайлы шешім», – деді Бөлшек сауда бизнесі дивизионы Оңтүстік өңір бойынша коммерциялық қызметтің өңірлік директоры Диас Жолдасбай.
Сигналдың тұрақтылығы мен ауқымын кеңейту мақсатында базалық станциялар аудандық әкімдіктермен келісіле отырып, жергілікті мектеп ғимараттарының шатырына орнатылуда. Биік нүктеде орналасу кедергілерді азайтып, байланыс сапасын барынша жақсартуға септігін тигізеді. Жыл соңына дейін өңірдегі тағы 10 ауыл осындай сымсыз желіге қосылып, мыңдаған тұрғынның цифрлық мүмкіндіктері артады деп күтілуде.