Әлем

“Өмірін сақтап қала алмады”: Әйгілі актер көз жұмды

“Өмірін сақтап қала алмады”: Әйгілі актер көз жұмды

Үнді киносының ең танымал тұлғаларының бірі, Болливудтың алтын дәуірін қалыптастырған аңыз актер Дхармендра 89 жасында дүниеден өтті, деп хабарлайды kznews.kz.

Times of India басылымының мәліметінше, актер соңғы күндері денсаулығы нашарлап, Мумбай қаласындағы ауруханада ем қабылдаған. Дәрігерлер оның жағдайын тұрақтандыруға тырысқанымен, өмірін сақтап қалу мүмкін болмаған.

Дхармендра — үнді киносының тарихында өшпес із қалдырған өнер иесі. Ол көпшілікке жүздеген фильмдердегі басты рөлдері арқылы танылды. Әсіресе, қазақ көрерменінің есінде қалған әйгілі «Зита мен Гита» мен «Али Баба мен қырық қарақшы» фильмдеріндегі образдары оның шынайы актерлік шеберлігін паш етті. Осы картиналар арқылы ол тек Үндістанда ғана емес, бүкіл Азия елдерінде үлкен танымалдылыққа ие болды.

Актер өзінің ұзақ жылдық мансабында романтикалық, комедиялық, драмалық және экшн жанрларында бірдей шебер ойнап, үнді киносының дамуына зор үлес қосты. Сонымен қатар, Дхармендра Болливудтың тағы бір жұлдызы — Хема Малинидің жұбайы болғаны көпшілікке мәлім. Екеуі бірге үнді киносының ең сүйікті жұптарының бірі саналған.

Әлемнің түкпір-түкпіріндегі жанкүйерлер актердің қазасына байланысты әлеуметтік желілерде қайғылы хабармен бөлісіп, көңіл айтуда. Дхармендра үнді мәдениетінің символына айналып, оның есімі әрқашан да Болливудтың ең жарқын кезеңдерімен бірге аталады.

Ұқсас материалдар

Барлығы
KZNews.kz