Саясат

Олжас Бектенов Алматы қаласының активіне жаңа әкім Дархан Сатыбалдыны таныстырды

Олжас Бектенов Алматы қаласының активіне жаңа әкім Дархан Сатыбалдыны таныстырды
Фото: Үкімет

Оңтүстік астананың саяси өмірінде маңызды өзгеріс орын алды. Мемлекет басшысының Жарлығымен Алматы қаласының әкімі болып Дархан Сатыбалды тағайындалды. Жаңа басшыны қала активіне Премьер-министр Олжас Бектенов пен Президент Әкімшілігінің басшысы Айбек Дәдебай арнайы келіп таныстырды, деп хабарлайды kznews.kz.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Премьер-министр Олжас Бектенов пен Президент Әкімшілігінің басшысы Айбек Дәдебай Алматы қаласы мәслихаты депутаттарының жиналысына қатысты.

Жиналыс барысында депутаттарға Мемлекет басшысының Алматы қаласының әкімі лауазымына екі кандидатты – Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Дархан Сатыбалды мен Алматы қаласы әкімінің орынбасары Бейбіт Шахановты ұсыну туралы хаты оқылды.

Ашық дауыс беру қорытындысы бойынша 32 депутаттың 23-і Дархан Сатыбалдының кандидатурасына дауыс берді. Бейбіт Шахановтың кандидатурасын 9 депутат жақтады.

ҚР Президентінің тиісті Жарлығымен Дархан Сатыбалды Алматы қаласының әкімі болып тағайындалды.

Қала активімен кездесуде Премьер-министр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан Ерболат Досаевқа қаланың қаржы-экономикалық әлеуетін дамыту жөніндегі белсенді жұмысы үшін алғысын білдірді. 2024 жылы қаланың Қазақстанның ЖІӨ-ге қосқан үлесі 21,8%-ға дейін өсті. Мегаполисте Президенттің тапсырмасы бойынша бюджетті орталықсыздандыру, абаттандыру, жаңа әлеуметтік нысандар салу және т. б. жұмыстар жүргізілуде.

Олжас Бектенов Алматы қаласының жаңа әкімі Дархан Сатыбалдыны таныстырды.

Премьер-министр Мемлекет басшысының Алматы әкімдігінің алдына қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету және экономика құрылымын әртараптандыру, инженерлік инфрақұрылымды одан әрі жаңғырту және қоғамдық кеңістіктерді кеңейту бойынша міндеттер қойылғанын атап өтті. Сондай-ақ, жол-көлік жүйесі, экология, өңдеу өнеркәсібі, туризм, IT-сектор, креативті индустрия саласында тапсырмалар берілді.

Ұқсас материалдар

Барлығы

Жаңалықтар

Тағы жаңалық
KZNews.kz