Ербаян Мұхтармен қоштасу рәсімі Астанада өтеді – БАҚ
RU KZ

Бізбен байланыс

Мекен-жай
КР, г.Астана, ул.Әбікен Бектұров, 4/3
Телефон
+7 701 933 8520
Email
aktan.yeltay@gmail.com
WhatsApp
+7 701 933 8520

Біздің әлеуметтік желілер

Олимп шыңындағы өгейлік: Мемлекет туын көтергендер неге бас сауғалап кетпек?

Олимп шыңындағы өгейлік: Мемлекет туын көтергендер неге бас сауғалап кетпек?
Фото: ЖИ

«Өлінің қамын тірі жейді, тірінің қамын кім жейді?» дегендей, байрақты бәсекелерде көк туымызды көкке желбіретіп, еліміздің атын әлемге танытқан саңлақтарымыздың бүгінгі тағдыры «ит байласа тұрғысыз» күйге түскенде, қалайша қан жыламайсың?! Параазиат ойындарының тарихында тұңғыш рет алтын мен үш бірдей күмісті қанжығасына байлаған Светлана Макееваның тағдыры — соның айқын айғағы, деп хабарлайды kznews.kz.

Мемлекет намысын қорғап, маңдай терін төккен спортшының бүгінде 79 жастағы қарт әкесімен бірге I топтағы мүгедектігі үшін берілетін 112 мың теңге жәрдемақыға қарап, «екі көзін төрт қылып» отырғаны қынжылтады. «Еңбегі кеткен еш кетер, бейнеті кеткен бос кетер» дегеннің кері келіп, уәде етілген сыйақы да, баспана да, тіпті тиесілі жалақы да қол жетпес сағымға айналған. Осындай сәтте шенеуніктердің өз жауапкершілігінен басын ала қашуы — сорақылықтың шыңы.

Спорт сарапшылары мен қоғам белсенділері бұл мәселенің тамыры тереңде жатқанын, Қазақстандағы спорт саласының «іші алтын, сырты күміс» болып көрінгенімен, жүйелік жемқорлық пен бюрократияның батпағына батып отырғанын жарыса айтуда. «Балық басынан шіриді» демекші, салалық министрлік пен жергілікті әкімдіктердің есеп беру науқанында ішкендері алдында, ішпегендері артында болып көрінгенімен, іс жүзінде спортшылардың тағдыры құмға сіңген судай ескерусіз қалады. Соңғы жылдары елімізде спортқа бөлінетін миллиардтаған теңге бюджеттің басым бөлігі нәтиже әкелмейтін легионерлерді сатып алуға және шенеуніктердің іссапарларына жұмсалатыны, ал өз отандастарымыздың екі қолға бір күрек таба алмай, таршылық көретіні жасырын емес. Мысалы, елімізде футбол легионерлерінің бір айлық жалақысы Светлана сияқты параспортшылардың өмір бойы көрмеген сыйақысынан асып түседі. 

Ең сорақысы — бұл тек паралимпиада емес, бүкіл отандық спорт жүйесін аш кенедей сорып жатқан ортақ қасірет. Жақында ғана 2026 жылғы Миландағы қысқы Олимпиада ойындарында мәнерлеп сырғанаудан еліміздің тарихында тұңғыш рет алтын тұғырдан көрінген Михаил Шайдоровтың да айқайы Олимп шыңынан емес, осы мұңды шындықтың батпағынан шықты. Күллі әлемді таңдай қақтырған олимпиада чемпионының жеңістен кейін бес ай бойы өзі де, бапкерлер құрамы да көк тиын жалақысыз қалып, ақпаннан бері дәрігерсіз, болашақ сборы мен жаңа маусымға дайындығы «екі талай» күй кешуі — бармақ басты, көз қысты жүйенің нағыз бетпердесін сыпырды. Оның үстіне, 2025 жылы әлем чемпионатының күмісін алып, тиесілі «Заслуженный мастер спорта» куәлігін де әлі күнге дейін поштамен болса да ала алмай жүргені — шенеуніктердің өз мақтаныштарына деген зәредей құрметінің жоқтығы. 

Осындай тасбауырлық пен «құрғақ қасық ауыз жыртар» деген уәделерден шаршаған мықты спортшыларымыздың өзге елдің азаматтығын алып, «басқа елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деген тәмсілді тәрк етуіне тура келіп отыр. Елден безіп, өзге мемлекеттің туы астында өнер көрсетіп жүрген таланттарымыздың әрекетін «отанды сату» деп айыптауға аузың бармайды, өйткені «аш бала тоқ баламен ойнамайды, тоқ бала аш болам деп ойламайды». Олар өз болашағы мен еңбегінің бағалануы үшін бас сауғалап кетуге мәжбүр. Егер мемлекет өз қаһармандарын «екі оттың арасында» қалдырып, қадірлей алмаса, ертең көк туымызды тұғырға шығаратын ешкім қалмайтынын түсінетін уақыт жетті. 

Автор
Айжан Сыланова

2023 жылдан бастап Kznews.kz сайтында тілші қызметін атқарады. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ түлегі. Аймақтық және интернет-басылымдарда еңбек өтілі бар.