Жасанды интеллект көмегімен қайтыс болған адамдардың суретін жандандырып, сөйлету әлеуметтік желіде кең тарала бастады. Осыған байланысты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мұндай әрекеттерге қатысты діни түсініктеме берді, деп хабарлайды kznews.kz.
ҚМДБ шариғат және пәтуа бөлімінің маманы Елбек Тасболатұлы мұндай әрекет марқұмның туыстарының келісімімен жасалып, алдау мен мазаққа ұласпауы керектігін атап өтті. Сондай-ақ адамның атын пайдаланып, әлеуметтік желіде танымалдық жинауға болмайтынын айтты.
Маманның сөзінше, марқұмдарды жиі сөйлетіп, бейнесін жандандыру психологиялық тұрғыдан да кері әсер етуі мүмкін.
Қоғам белсенділері де жасанды интеллектіні қолданғанда әдеп пен адамгершілік қағидаларын сақтау қажет деп есептейді. Олардың пікірінше, тарихи тұлғаларға әдепсіз сөздер айтқызуға немесе қайғылы жағдайда қаза тапқандардың бейнесін пайдаланып ақша жинауға жол бермеу керек.