Жаңалықтар

"Ол – тәртіпті, жуас бала": Атыраудағы сұмдық істе күдіктінің анасы ұлын ақтап отыр

Дархан Тоқан Дархан Тоқан
"Ол – тәртіпті, жуас бала": Атыраудағы сұмдық істе күдіктінің анасы ұлын ақтап отыр
Суретте Сұлтан Сәрсемалиев және анасы Гүлнәр Әзмұханова. Коллаж: SN.kz

Атырау облысында жоғалған отбасыға қатысты қылмыста 29 жастағы күйеу бала Сұлтан Сәрсемалиев негізгі күдікті ретінде аталып отыр. Күдіктінің анасы ұлының соңғы рет несие жабу үшін ақша аударғанын айтып, оның қылмысқа барғанына сенбейтінін жеткізді, деп хабарлайды kznews.kz astanatv.kz-ға сілтеме беріп.

Полиция дерегінше, күдікті марқұмдардың 29 жастағы күйеу баласы, Махамбет ауданының тұрғыны. Оқиғаға байланысты оның анасы Гүлнәр Әзмұханова тергеушілерге сұралғанын, бірақ ұлының мұндай әрекетке баруы ақылға қонбайтынын алға тартады.

Күдіктінің анасы ұлы келінін «төркініне апару үшін емес, дәрігерге қарату үшін» Атырауға алып кеткенін айтады. Оның сөзінше, келіні психиатр есебінде тұрған, І топ мүгедегі, төртінші баласынан кейін жүйкесі сыр беріп, мінезіндегі тосын өзгерістер жиілей түскен. Сол себепті ұлы келінін анда-санда дәрігерге апарып тұрыпты, бұл жолы да бес немересін әжесіне қалдырып кеткен.

Гүлнәр Әзмұханова ұлымен ең соңғы рет 11 желтоқсанда сөйлескенін, содан кейін байланыс үзілгенін айтады. Ал 21 желтоқсанда оның шотына ұлынан 45 мың теңге түсіп, «несиесін жабуға жіберді» деген ойға келген. Келініне телефон алып беру үшін 1 миллион теңге несие алдыртып еді деп те өкінішін жасырмады.

Бұл оқиғада ең ауыр соққыны балалар көріп отыр дейді туыстары. Екі бала бастауышта оқиды, кенжесі жуырда ғана бір жасқа толған. Әжесінің айтуынша, балалар ата-анасын сағынып, психолог көмегіне мұқтаж болып қалған.

Махамбет аудандық білім бөлімі ата-анасы «хабар-ошарсыз» деп ресми танылған жағдайда ғана қорғаншылық мәселесі қаралатынын түсіндірген. Ал әзірге балалар ата-әжесінің қасында. Маманның сөзінше, егер ата-әже қарай алмайтын жағдай туса, үш жасқа дейінгілер балалар үйіне, ал үлкендері бейімдеу орталығына жіберілуі мүмкін, бұл балаларға қосымша соққы болатынын да жасырмайды.

Ал полиция күдіктіні іздеуді күшейткен. Тергеу тобы күдікті қала маңындағы Мұнайшы ықшамауданында бір жарым жылдай жалдап тұрған үй маңын тексеріп, кәріз құбырларын сорғызып, арнайы техникамен аумақты тінтіп жатыр. Оқиға орнында жедел штаб жұмыс істеп, георадар қолданылғаны, сондай-ақ ішкі әскердің ондаған сарбазы маңайды шолып жүргені айтылады.

Еске сала кетейік, ерлі-зайыпты Мақсот Қарабалин мен Нәсіп Өтешқалиеваның мәйіті өз үйінің ауласындағы шаруашылық қорадан табылған. Ашық деректерде денелер қора ішінде қазылған шамамен 1,5 метрлік шұңқырға көмілгені, үстіне линолеум төселіп, диван қойылғаны жазылды.

Қазір марқұмдардың 33 және 36 жастағы ұл-қызы — Наурыз бен Мейрамгүл туралы нақты дерек жоқ. Тергеу олардың қайда екенін анықтаумен қатар, қылмысқа өзге адамдардың қатысы болуы мүмкін нұсқаны да тексеріп жатыр.

Ұқсас материалдар

Барлығы
KZNews.kz