Каспий теңізіндегі әскери оқу-жаттығу кезінде сарбаздардың қаза болғаны туралы ақпарат тарағаннан кейін жаттығуға қатысқан әскери қызметшілердің санына қатысты сұрақтар туындаған еді, деп хабарлайды kznews.kz.
Осыдан кейін оқу-жаттығуға қатысқан тағы екі сарбаздың туыстары әлеуметтік желіде олардың тағдыры туралы ақпарат берілмей отырғанын айтып, алаңдаушылық білдірген.
Бүгін Қорғаныс министрлігі аталған екі әскери қызметшіге қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ведомствоның мәліметінше, мерзімді әскери қызметтегі матростар Ахметов пен Мағауия Каспийдегі оқу-жаттығуға шынымен қатысқан. Алайда олар теңізге түспеген. Екі сарбаз оқу тапсырмаларын жағалауда орындаған әскери қызметшілер тобының құрамында болған.
«Әлеуметтік желілерде мерзімді әскери қызметтегі матростар Ахметов пен Мағауия туралы таралып жатқан ақпаратқа байланысты мынаны хабарлаймыз: Әскери-теңіз күштері өткізген оқу-жаттығу барысында жеке құрамның бір бөлігі жағалауда болып, тиісті оқу міндеттерін орындады. Ахметов пен Мағауия теңізде емес, жағада оқу міндеттерін орындаған әскери қызметшілер тобының құрамында болды», – деп хабарлады Қорғаныс министрлігі.
Қорғаныс ведомствосы екі әскери қызметшінің қазіргі уақытта әскери бөлім орналасқан жерде екенін мәлімдеді. Олар белгіленген күн тәртібіне сәйкес әскери қызметін жалғастырып жатыр.
Осылайша, әлеуметтік желіде бірнеше күн бойы тараған екі сарбаздың тағдырына қатысты алаңдаушылыққа Қорғаныс министрлігі ресми түрде жауап берді.