Бокстан әлемнің екі дүркін чемпионы Санжар Тәшкенбайдың алдағы спорттық жолы туралы жаңа ақпарат белгілі болды, деп хабарлайды Sportinside.kz.
2023 жылы 48 келі салмақта әлем чемпионы атанған Санжар, екі жылдан кейін 50 келіде тағы да алтын медаль жеңіп алған болатын. Алайда дәл қазір ол өнер көрсететін салмақ олимпиадалық бағдарламаға кірмейді. Халықаралық Олимпиада комитеті мен World Boxing жаңа ережелеріне сәйкес, олимпиадалық сайыстар 55 келіден басталады.
Осыған байланысты Тәшкенбайдың келешекте қай бағытты таңдауы мүмкін екені көпшілікті қызықтырды.
"Бұл өте өкінішті жағдай. Санжардың салмағын аяқ астынан олимпиадалық бағдарламаға енгізбей тастады. Осылайша әлемнің көптеген мықты боксшысы басты додаға қатыса алмай қалды. Менің ойымша, Санжарға 55 келіге ауысудың қажеті жоқ: ол жерде Махмұд Сабырхан бар, әрі Санжардың өзі бұл салмақта толық ашыла алмайды. Өз салмағында қалып, қажет болса кәсіпқой боксқа өтсе де болады. Бірақ міндетті түрде мансабын жалғастыруы керек. Тіпті ерлер боксында тарихта алғаш болып үш дүркін әлем чемпионы атануы да әбден мүмкін. Санжарда ондай мүмкіндік бар", – деді маман.