KZNEWS.KZ
Әлем

Nvidia басшысы әйеліне опасыздық жасағанын мойындады: компанияда тергеу басталды

• Жарқын Омаров
фото: chosun.com

63 жастағы миллиардердің Элис Хуанг есімді кәсіпкер әйелмен қарым-қатынасы туралы The New York Times басылымы жазған. Әйел бұған дейін Nvidia компаниясынан чип сатып алатын Сингапурдегі Megaspeed компаниясында басшылық қызмет атқарған.

Америкалық арнайы қызмет өкілдері Элис Хуангты Қытай барлау қызметімен байланысы болуы мүмкін деп күдіктенеді. Болжам бойынша, ол америкалық технологиялық компания туралы ақпарат жинап, озық чиптердің Қытайға жеткізілуіне ықпал етуге тырысқан.

8 қарашада Дженсен Хуанг компания қызметкерлеріне хат жолдап, отбасынан кешірім сұраған. Ол әйеліне опасыздық жасағанын ашық мойындады.

«Мен әйелімнің көзіне шөп салдым. Осы ісіммен оның және балаларымыздың жүрегін ауырттым. Мұны ешнәрсемен ақтап ала алмайсың», – деп жазған ол.

Nvidia тергеу бастады

Дженсен Хуангтың мәлімдемесінен кейін Nvidia директорлар кеңесі тәуелсіз тергеу жүргізу туралы шешім қабылдады. Тексеруге тәуелсіз директорлар комитеті мен сыртқы заңгерлер қатысады.

Компания өкілдері әзірге АҚШ ұлттық қауіпсіздігіне немесе Nvidia-ның құпия ақпаратына нұқсан келді деп есептеуге негіз жоқ екенін мәлімдеді. Дегенмен тергеу барысында барлық қолжетімді ақпарат тексеріледі.

Хуанг тексеру жұмыстарына толықтай көмектесуге дайын екенін жеткізген. Компания басшылығы оған сенім білдіріп, бас директор қызметін жалғастыратынын хабарлады.

АҚШ Конгресі де түсініктеме талап етті

Бұл оқиға америкалық заң шығарушылардың назарын аударды. АҚШ Конгресіндегі республикашылдар Дженсен Хуангты 18 қарашада жабық отырысқа шақырып, түсініктеме алу бастамасын көтерген.

Олар Қытай барлау қызметіне қатысты болжамдардың америкалық технологиялардың қауіпсіздігіне қаншалықты қатер төндіруі мүмкін екенін анықтағысы келеді.

Айта кетейік, Nvidia – жасанды интеллект саласына арналған озық чиптер өндіретін әлемдегі жетекші компаниялардың бірі. Оның нарықтық құны шамамен 4,5 триллион долларға бағаланады. Дженсен Хуанг компанияны 1993 жылы құрған және содан бері басқарып келеді.

Еске салайық, миллиардер жақында Қазақстанға алғаш рет келіп, президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездескен болатын. Кездесу барысында ол Қазақстанды Physical AI технологияларының әлемдік орталығына айналдыру жөнінде ұсыныс айтқан.

Жарқын Омаров
C.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің Журналистика факультетінің түлегі. Журналистика саласында 20 жылдан бері еңбек етіп келеді. Салал...
Автордың басқа материалдары →