Нұрәлі Әлиев әлеуметтік желідегі парақшасында адамның ішкі өзгерісі, рухани тазару және саналы өмір сүру жайында ой қозғады.
Оның айтуынша, қазіргі кезең адамнан өзіне көбірек назар аударуды талап етеді. Әлиев әлемдегі өзгерістермен қатар адамның ішкі күйі де жаңарып жатқанын атап өтті.
Ол қорқыныш, өкпе, ашу, қызғаныш пен ретсіз ойлар адамның көңіл күйіне әсер ететінін айтып, әркім өз ойы мен ниетіне, жан дүниесінің тазалығына мән беруі керек екенін жазды.
"Егер ішіңізде өзгеріске деген үнді сезсеңіз, оны елемеңіз. Бұл кездейсоқ емес. Бұл – жаныңыздың өз болмысыңызды еске салуы", – деді ол.
Нұрәлі Әлиев өзгерісті үлкен қадамдардан емес, күнделікті қарапайым әрекеттерден бастауды ұсынды. Оның сөзінше, адам өз ойын бақылап, айналасын реттеп, реніштен арылып, қорқынышқа бой алдырмай, өзін дамытуға көңіл бөлуі қажет.
"Жаңа әлем сыртта емес, адамның өз ішінен басталады. Ішкі өзгерісті неғұрлым ерте бастасаңыз, қазіргі болып жатқан процестерден соғұрлым жеңіл өтесіз", – деп жазды Әлиев.
Айта кетейік, Нұрәлі Әлиев – Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жиен немересі.