Нұрай Серікбайдың өліміне байланысты істен кейін қызметінен босатылған полиция офицері Әбілғазы оқиғаға дейінгі жағдайлар туралы өз көзқарасын білдірді. Оның айтуынша, барлық әрекеті заң шеңберінде жасалған, алайда қоғамдағы резонанс салдарынан өзі және бірқатар басшылық қызметкерлер жұмыстан шығарылған, деп хабарлайды kznews.kz.
Заңгер Айгүл Орынбекке берген сұхбатында Әбілғазы Нұрай жоғалған күні шақырту бойынша қыз бен оның танысы Шерхан болған үйге барғанын жеткізді.
"Мен оларды РОВД-ға апардым. Екеуін де бірге де, жеке-жеке де сұрастырдым. Қыздың жігітке өз еркімен барғанын екеуі де растады. Кейін Нұрай бұл ақпаратты мен жазып алған видеода да қайталады", – деді ол.
Әбілғазының сөзінше, жағдайды толық әрі ашық көрсету мақсатында аталған видеоны Шымкент қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметі арқылы жариялауды ұсынған. Алайда бұл бастамаға ешқандай себеп көрсетілместен бас тартылған. Видеода Нұрай 2025 жылдың 4 қазанында кешкі сағат 21:00 шамасында үш ай бойы араласқан Шерханмен бірге Алматыдан Шымкентке жолға шыққанын айтады.
Экс-полицейдің айтуынша, оның қызметтен босатылғаны туралы хабарды анасы өте ауыр қабылдап, көп ұзамай өмірден өткен. Сондай-ақ ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа жүгініп, істі әділ қарауды және әділдікті қалпына келтіруді сұраған.
Нұрай Серікбай ісі
Нұрай Серікбайға қатысты қылмыстық іс қоғамда кең резонанс тудырды. 11 қаңтар күні Шымкентте 21 жастағы қыз танысының қолынан қаза тапты, күдікті кейіннен ұсталды. Марқұмның туыстарының айтуынша, трагедияға дейін ер адам Нұрайды күштеп алып қашып, некеге мәжбүрлемек болған. Алайда сол кезде полиция тарапынан қылмыстық іс қозғалмаған.