Денсаулық сақтау министрлігі Алматы облысы Ақтас кентіндегі психиатриялық ауруханаға қатысты әлеуметтік желіде тараған ақпаратты тексерді. Бұл мекемеде атышулы Николай Жұмағалиев мәжбүрлі ем қабылдап жатыр, деп хабарлайды kznews.kz.
Бұған дейін әлеуметтік желілерде клиника қызметкерлері пациенттерге қысым көрсететіні, физикалық шектеу шараларын қолданатыны және дәрі-дәрмекті ықпал ету құралы ретінде пайдаланатыны туралы жазбалар тараған.
Министрліктің мәліметінше, тексеру барысында аталған деректер расталмаған. Сондай-ақ науқастардың ар-намысына тиетін әрекеттер жасалғаны туралы ақпаратқа да дәлел табылмаған.
Ведомство әлеуметтік желідегі жазбада шамамен 18 жыл бұрын болған оқиғалар сипатталғанын атап өтті. Автор 2008 жылы медициналық ұйымның бірнеше бөлімшесінде болған жағдайларды өзінің жеке естеліктеріне сүйеніп баяндаған. Алайда жарияланымда автордың жеке деректері көрсетілмеген.
Осыған байланысты Денсаулық сақтау министрлігі тараған мәліметтерді шындыққа сәйкес келмейді деп бағалап, жалған ақпарат таратқаны үшін заңда жауапкершілік қарастырылғанын еске салды.
Бұған дейін әлеуметтік желіде Николай Жұмағалиевке ұқсайтын адамның видеосы тараған еді. Видео авторы клиникадағы жағдайға шағымданып, Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназароваға үндеу жасаған. Кейін министр аталған медициналық мекемеге тексеру жүргізуді тапсырды.
Николай Жұмағалиев кім?
Николай Жұмағалиев ("Темір азу" деген лақап атпен белгілі) бірнеше әйелді өлтіргені үшін кінәлі деп танылған. Тергеу деректерінде оның каннибализм әрекеттеріне барғаны да көрсетілген.
1980 жылы ол кезекті қылмыстан кейін ұсталған. Сот-психиатриялық сараптама нәтижесінде оған психикалық ауру диагнозы қойылып, қылмыстық жаза орнына мәжбүрлі ем тағайындалған.
1989 жылы Жұмағалиев арнайы медициналық мекемеден қашып кеткен. Кейін қайта ұсталып, содан бері Алматы облысындағы мамандандырылған психиатриялық мекемеде ем қабылдап келеді.