Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ішкі істер министрі Ержан Сәденовті қабылдады, деп хабарлайды kznews.kz.
Кездесу барысында елдегі криминогендік ахуал, қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесі талқыланды.
Министрдің мәліметінше, 2025 жылдың алғашқы екі айының қорытындысы бойынша Қазақстанда қылмыс деңгейі 8 пайызға төмендеген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,3 мың құқықбұзушылыққа аз. Негізгі санаттар бойынша қылмыс көрсеткіштері қысқарып, қылмыстарды ашу деңгейі артқан.
Интернет-алаяқтыққа қарсы күрес жүйелі түрде жалғасып жатыр. Алдын алу шаралары мен шетелдік құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимыл нәтижесінде киберқылмыс көлемі 4 пайызға азайған.
Ұйымдасқан қылмысқа қарсы іс-қимыл шеңберінде 71 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылып, 11 қылмыстық топтың қызметі тоқтатылған.
Есірткі қылмысына қарсы бағыттағы жұмыстар да белсенді жүргізілуде. Биыл бес есірткі зертханасы жойылып, 881,5 келі түрлі есірткі затының, оның ішінде 104 келіден астам синтетикалық есірткінің заңсыз айналымға түсуіне жол берілмеген.
Сонымен қатар министр көшелердегі құқықтық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында цифрлық шешімдерді кеңінен енгізу, көші-қон бақылауын күшейту және жазадан бұлтартпау қағидатын қамтамасыз ету шаралары туралы баяндады.
Кездесуде азаматтарды қорғауға бағытталған заңнамалық бастамаларға ерекше назар аударылды. 2025 жылы «Құқықбұзушылықтың алдын алу туралы» Заң қабылданып, дропперлік, сталкинг және некеге мәжбүрлеу үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді.
Мемлекет басшысы қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті одан әрі нығайтуға бағытталған бірқатар нақты тапсырма берді.