KZNews.kz
Саясат

“Не үшін барды? Пана іздеп барды ма?”: Депутат Путинмен кездескен Назарбаевты сынап тастады

Ayzhan Sylanova
Фото: parlam.kz

Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей президенті Владимир Путиннің кездесуі жөнінде пікір білдірді, деп хабарлайды kznews.kz.

Депутаттың айтуынша, экс-президенттің Кремльге барып, Путинмен жүздесуі қоғамда теріс реакция туғызған. Ол әлеуметтік желілердегі пікірлерге назар аударып, халық арасында бұл сапарға қатысты оң көзқарас жоқ екенін атап өтті.

”Нұрсұлтан Назарбаевтың кешегі Кремльге барып, Путинмен кездескені қоғамда қызу талқыланып жатыр. Комментарийді қараған шығарсыздар? Бірде-бір позитивті пікір жоқ. Қазіргі геосаяси жағдайды біліп отырсыз. Қоғамдағы көңіл-күйді Назарбаевтың өзі жақсы біліп отыр деп ойлаймын”, – деді ол.

Мақсат Толықбай экс-президенттің бұл сапарының себептеріне қатысты түрлі сұрақ туындайтынын айтты. Оның пікірінше, Назарбаевтың ел ішінде көрінбей, жыл соңында Кремльде пайда болуы жыл сайын қайталанатын жағдайға айналған.

”Ол не үшін барды? Пана іздеп барды ма? Жеке қаржы активтерін сақтап қалуға кепілдік сұрап барды ма? Жеке қауіпсіздік мәселесі ме? Ең қызығы, біз жыл бойы елдің ішінде Назарбаевты ешқандай іс-шарадан көрмейміз. Бірақ жылдың соңында жылт етіп Кремльде отырады. Бір емес, екі емес, үш емес… Жылдағы жағдай осылай қайталанып жатыр”, – деді депутат.

Оның айтуынша, мұндай әрекет қоғамда әртүрлі қабылданып, көбіне жеке мүдде тұрғысынан ғана бағаланады.

”Бұл дегеніміз не? Бұл – қоғамдық мүддені елемеу. Не болмаса “маған бәрібір” деген түсінік. Не болмаса билікте ұзақ отырып қалған адамның шындықтан алыстап кетуі. Немесе “мен әлі де маңызды адаммын” деген ішкі сезім. Бірақ бұл сигналдардың ешқайсысы да біздің қоғамда қабылданбайды. Сондықтан Назарбаевтың Ресейге барған сапарлары автоматты түрде біздің қоғамда жеке мүдде призмасы түрінен ғана қаралады. Ол елдік мәселемен барды дегенге ешкім сенбейді”, – деп түйіндеді Мақсат Толықбай.

Ayzhan Sylanova
Автордың басқа материалдары