KZNEWS.KZ
Мәдениет

Ne Prosto Orchestra мен Республика сарайы арасында дау туындады: себебі неде?

• Айгерім Асылова
фото: ашық дереккөз

Ne Prosto Orchestra тәуелсіз симфониялық оркестрі Алматыдағы Республика сарайының әкімшілігімен арада концерт залын жалға алу шарттарына қатысты келіспеушілік туындағанын мәлімдеді. Музыканттардың айтуынша, олардан "Алматы әуендері" билет операторымен келісімшартқа отырып, билет саудасы айналымының екі пайызы көлемінде комиссия төлеу талап етілген. Ал Республика сарайының әкімшілігі музыканттардың бұл шағымы негізсіз екенін айтты, деп хабарлайды kznews.kz

Жарияланымға сәйкес, ұжым Республика сарайында концерт өткізу үшін алты ай бұрын күндерді брондап қойған. Олардың сөзінше, алайда концерт алаңы әкімшілігі "Алматы әуендері" билет операторымен қосымша келісімшартқа отыруды талап еткен.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мәселе билет саудасы жалпы айналымынан алынатын екі пайыздық комиссия туралы болып отыр.

"Залдың жалдау ақысы ретінде бізден барлық билет саудасы айналымының 2 пайызын талап етеді. Бұл ретте біздің концерттерге билеттердің 98-99 пайызы тәуелсіз платформалар арқылы сатылады. Республика сарайы залдағы 2 500 орыннан әдетте көп дегенде 20 билетті сатады. Осы ретте билеттерімізді іс жүзінде сатпайтын ұйымға неге жалпы айналымның 2 пайызын беруіміз керек деген сұрақ туындайды", - деп мәлімдеді оркестр өкілдері.

Ұжым жалдаудың қаржылық шарттарын өзгертуді талқылауға дайын екенін, бірақ нақты бір билет операторы арқылы жұмыс істеуге міндетті болғысы келмейтінін атап өтті.

"Біз қажет болған жағдайда бекітілген жалдау ақысын көбейтуді, бірақ билет операторларымен келісімшартты өз бетімізше жасауға рұқсат беруді ұсындық. Бізге бас тартты", - делінген Ne Prosto Orchestra жазбасында.

Сондай-ақ жазбада Республика сарайының өкілдері өз әрекеттерін терроризмге қарсы қауіпсіздік талаптарымен және көрермендердің кіріп-шығуын бақылау қажеттілігімен түсіндіретіні айтылған.

"Кіруді бақылаудың билет саудасынан міндетті түрде пайыз алуға қандай қатысы бар?" - дейді ұжым мүшелері.

Ne Prosto Orchestra кейінгі алты ай бойы бұл мәселені Республика сарайының басшылығы, Алматының мәдениет басқармасы, мәслихат және басқа да жауапты органдар арқылы шешуге тырысқандарын жеткізді. Ұжымның айтуынша, кездесулерде мекеме өкілдері олардың ұстанымын түсінетіндіндерін білдіріп, шешім табуға уәде берген, алайда жағдай әлі күнге дейін өзгермеген.

Республика сарайы бірыңғай билет жүйесінің қажеттілігін түсіндірді

Республика сарайының әкімшілігі 2018 жылы "Алматы әуендері" кәсіпорны бұл нысанда билеттерді брондау мен сатудың автоматтандырылған кешенін енгізгенін хабарлады.

Әкімшіліктің мәліметінше, қазір кәсіпорынмен жеті тегін оператор, сондай-ақ кәсіпорынның ресми сайттары мен кассалары жұмыс істейді.

"Олардың әрқайсысы билеттің жеке бірегей кодын қалыптастырады. Бірыңғай интеграциялық контур болмаса, кәсіпорын кіреберісте билеттерді тексерудің жеті тәуелсіз жүйесін қамтамасыз етуге мәжбүр болар еді", - деп түсіндірді әкімшілік.

Сондай-ақ олар екі пайыздық төлем билет операторларымен жасалған келісімшарттар негізінде алынатын бірыңғай билет жүйесін пайдаланғаны үшін төленетін комиссия екенін айтты.

"Бұл сома іс-шараны ұйымдастырушылардан тікелей алынбайды", - деп атап өтті Республика сарайының өкілдері.

Әкімшілік екі пайыздық комиссиядан түскен қаражат қызметкерлердің жалақысын төлеуге, кіруді бақылау жүйесі мен сервистік инфрақұрылымға қызмет көрсетуге жұмсалатынын атап өтті.

"Осылайша, Ne Prosto Orchestra командасының уәжі расталмайды", - деп мәлімдеді сарай әкімшілігі.

Сондай-ақ олар Ne Prosto Orchestra 2018 жылдан бері осы сахнада көптеген іс-шара өткізіп, инфрақұрылымын орындарды брондау, билеттерді сату мен есепке алу, сондай-ақ көрермендердің кіруін бақылау үшін пайдаланып келгенін еске салды.

Ne Prosto Orchestra - Қазақстанның тәуелсіз симфониялық оркестрі. Ұжымның негізін 2017 жылы Алматыда дирижер Мадияр Тойболды қалаған. Оның құрамында 120-дан аса музыкант бар.

Оркестр танымал фильмдердің, сериалдардың, аниме мен видеоойындардың саундтректерін симфониялық нұсқада орындайды.

Айгерім Асылова
Айгерім Асылова – Kznews.kz сайтының тілшісі. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ түлегі, республикалық порталдарда жұмыс тәжірибесі бар журналист.
Автордың басқа материалдары →