SCAT ұшағы Астанаға шұғыл қонды: борттан ақау табылды
RU KZ

Бізбен байланыс

Мекен-жай
ҚР, Астана қаласы, Әбікен Бектұров көшесі, 4/3
Телефон
+7 701 933 8520
Email
aktan.yeltay@gmail.com
WhatsApp
+7 701 933 8520

Біздің әлеуметтік желілер

"Жәрдем" баспасының 115 жылдық тарихы ғылыми айналымға түсті

"Жәрдем" баспасының 115 жылдық тарихы ғылыми айналымға түсті
Фото: shakarim.university

Семейдегі Шәкәрім университетінің "Шәкәрімтану" ғылыми орталығында ХХ ғасыр басындағы қазақ ұлттық баспа ісінің тарихына арналған "Жәрдем" баспа компаниясы" ғылыми жинағының тұсаукесері өтті.

Тағылымды шараға "Жәрдем" баспа компаниясының директоры Айдар Ғали-Арыстанұлы, университет басшылығы, профессор-оқытушылар құрамы, ғалымдар, студенттер мен оқушылар қатысты.

Жинақ ХХ ғасыр басындағы қазақ баспа ісінің қалыптасу тарихын, соның ішінде 115 жылдық тарихы бар "Жәрдем" баспасының ұлттық ағартушылық пен мәдениетке қосқан үлесін ғылыми тұрғыда зерделеуге арналған.

Осы тұсаукесерде сөз сөйлеген университет ректоры Думан Орынбеков "Жәрдем" баспасының Алаш зиялыларының идеяларын таратудағы және қазақ қоғамында оқу мәдениетін қалыптастырудағы тарихи рөлін атап өтті.

Ректордың айтуынша, баспа сол кезеңдегі қазақ қоғамының білім мен ғылымға ұмтылысын қолдап, ұлттық рухани мұраның сақталуы мен таралуына елеулі үлес қосқан.

Жалпы, жинақтың тарихи маңызын айқындайтын деректердің бірі Шәкәрім Құдайбердіұлы шығармаларының осы баспаханадан жарық көруіне қатысты. Атап айтқанда, ақынның «Қазақ айнасы», «Қалқаман-Мамыр», «Еңлік-Кебек» шығармаларының алғаш рет «Жәрдем» баспасында басылуы қазақ әдебиеті тарихындағы маңызды оқиғалардың бірі саналады.

Бұл деректер «Жәрдем» баспасының қызметін тек баспа ісінің тарихы аясында ғана емес, Алаш дәуіріндегі ұлттық әдебиет, ағартушылық және қоғамдық ойдың дамуымен сабақтастыра зерттеудің маңызын көрсетеді.

Шара барысында тарихи мұраны жаңғыртуға және «Жәрдем» атауын қайта түлетуге атсалысып жүрген баспа директоры, Шәкәрім университетінің түлегі, ақын, филология ғылымдарының кандидаты Айдар Ғали-Арыстанұлының еңбегі атап өтілді.

Айтпақшы, бұл ғылыми жинақ қазақ баспа ісінің тарихын тереңірек тануға, Алаш кезеңіндегі баспагерлік қызметті зерттеуге және ұлттық рухани мұраны кейінгі ұрпаққа танытуға бағытталған.

Автор
Қалмаханбет Мұқаметқали

Журналист-экономист. Журналистика саласында 33 жыл еңбек етуде. Еңбек жолын аудандық газетте бастап, республикалық басылымдарда басшылық қызметтер атқарған.