Атырау қаласында Наурыз мерекесі кезінде Исатай-Махамбет алаңында 78 бала ата-анасынан көз жазып қалған, деп хабарлайды kznews.kz.
Мерекелік іс-шараға жиналған халықтың көптігінен балалардың жоғалып кету жағдайлары тіркелген. Алайда олардың барлығы дер кезінде табылып, ата-аналарына аман-есен тапсырылған.
Мамандардың айтуынша, балалардың басым бөлігі бір сағаттың ішінде табылған. Дегенмен бір жасөспірімді іздеу жұмыстары шамамен үш сағатқа созылған.
Тағы бір жағдайда 7 жастағы бала ата-анасынан адасып қалып, өз бетімен анасының жұмыс орнына баруға тырысқан. Ол бейнебақылау камераларының көмегімен табылып, анасына тапсырылды.
Құзырлы органдар мұндай жағдайлардың алдын алу үшін ата-аналарды мереке кезінде балаларын қараусыз қалдырмауға шақырады.